16.05.2022, 16:30 11531

Қазақстандық кәсіпорындардан 33 миллиард теңге көлемінде экологиялық залал өндірілді

Қазақстандық кәсіпорындардан 33 миллиард теңге көлемінде экологиялық залал өндірілді
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 16 МАМЫР - Уәкілетті органдардың экологиялық заңнама нормаларын сақтауын тексеру қорытындысы бойынша, табиғат қорғау инспекторлары бюджетке 33 млрд теңгеге жуық экологиялық шығынды, сондай-ақ 12 млрд теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлды өндірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Соңғы кездері азаматтардың елді мекендер маңындағы тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың заңсыз шығарылуы туралы арыз-шағымдар жиілеп кетті. Осыған орай, Бас прокуратура уәкілетті органдардың табиғатты қорғау саласында экологиялық заңнамалардың сақтауына тексеру жүргізді.
 
Прокурорлар, кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарды өңдеусіз рұқсат етілмеген жерлерге төккені туралы 43 фактіні тіркеді.
 

Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты экологиялық тұрғыдан рұқсаты жоқ кәсіпорындарға 150 мың тоннаға жуық қауіпті қалдықтарды өткізген. Ал, кәсіпорындар, сол қалдықтарды өңдеусіз қаладағы бос жатқан жерлерге тастаған. Бүгінгі күнде кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардан 80 млн. теңгеден астам шығын өндірілді. Оған қоса, зауытқа қоршаған ортаға эмиссия түрінде 1 млрд 600 млн теңге көлемінде төлемақы есептелді", - деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.



Ведомствода рұқсат етілмеген полигондардың көлемі де азаймайтынын атап өтті. "Қазақстан Ғарыш Сапары" мекемесінің ғарыштық бақылау нәтижесіне сәйкес, өңірлерде жыл сайын 9 мыңға жуық жаңа полигон анықталады.
 
Мысалы, Алматы қаласының прокуратурасы Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарынан 17 коммуналдық және өндірістік қалдықтар көмілген жерді тапқан. Қазіргі кезде прокуратураның талабы бойынша қоқыс полигондары жойылды.
 
Жалпы, тексеру қорытындысы бойынша, Ақтөбе, Алматы. Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы бойынша Экология департаменттерінің басшылары, сондай-ақ профильді министрліктің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
 
Үкіметке заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны