31.10.2022, 18:01 10251

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мәлімдеме жасады

"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ҚР заңын бұзғаны туралы ресми мәлімдейді".
Астана. 31 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы кәсіподақтардың қызметіне заңсыз араласуына байланысты мәлімдеме жасады.
 

Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық құқық шеңберінде әрекет ете отырып, барлық деңгейдегі кәсіподақ органдары кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Алайда, жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіподақтарды бағындыруға, олардың қызметін бақылауға алуға деген ұмтылыс байқалады. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жекелеген мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ҚР "Кәсіптік одақтар туралы" 2014 жылғы 27 маусымдағы № 211-V Заңын бұзғаны туралы ресми мәлімдейді", - делінген хабарламада.

 
Ұйымда нақтыланғандай, бұл құқықтық құжат кәсіподақтардың құқықтарын шектеуге немесе олардың жарғылық қызметін заңды жүзеге асыруға кедергі келтіруге әкелуі мүмкін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының кәсіподақтардың қызметіне заңсыз араласуына тыйым салады.
 

Атап айтқанда, "Қарағанды облысы әкімдігінің білім басқармасы" КММ басшысы Г.Ш. Қожахметова жоғарыда аталған Заңның 4-бабы 3-тармағының, 7-бабы 3-тармағының талаптарын бұза отырып, облыстық кәсіподақ ұйымына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында қызметкерлерді кәсіподақ құрамынан шығуға мәжбүрлеп, өз басқаруындағы және бақылауындағы өз бастамасы бойынша құрылған кәсіподаққа кіргізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осындай заңсыз әрекеттер Осакаров ауданы және Теміртау қаласы білім бөлімдерінің басшылары А И.Ақмағанбетова мен Р. К. Қазтаев тарапынан да жасалуда. Лауазымды тұлғалар өздеріне бағынышты білім беру ұйымдарының басшылары арқылы қорқыту жолымен кәсіподақ мүшелерін Салалық кәсіподақтан шығып, басқа кәсіподаққа ауысуы туралы өтініштер әкелуге мәжбүрлеуде", - делінген хабарламада.

 
Кәсіподақ мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 148-бабының 2-тармағы бойынша тиісті деңгейлерде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі. Бұл тұрғыда, Қарағанды өңірінде білім басқармасы органдары көрсетілген нормаға қарамастан заңнамамен белгіленген міндетті орындамай, жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен мемлекеттің мүдделерін келісудің қалыптасқан жүйесін бұзуға бағытталған іс-әрекеттер жасап отыр.
 
Білім басқармасының басшысы кәсіподақ ұйымымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіріп, кәсіподақ өкілдерін елемей, әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің міндеттемелерін орындаудан жалтаруда.
 
ҚР "Кәсіптік одақтар туралы" Заңының 16-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес кәсіподақтар өз өкілдері атынан келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша кәсіподақ мүшелерінің жұмыс орындарына баруға құқылы.
 

Бұл орайда, Қарағанды облысы Шет ауданының білім бөлімінің басшысы Е. Ж. Смағұл мырза ведомстволық бағынышты білім беру ұйымдарының басшыларына кәсіподақ өкілдеріне білім ұйымдарына баруына жол бермеу туралы бұйрық беріп, Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің талаптарына қайшы, мүшелік кәсіподақ жарналарын қолма-қол ақшасыз аударуға тыйым салған", - деп хабарлады кәсіподақ.

 
Мәлімдемеде "мемлекеттік органдардың кәсіподақтарды бағындыруға деген ұмтылысы әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде байқалады" делінген.
 

Азаматтардың бірлестіктер бостандығына құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабының 1-тармағында бекітілгенін ескерген жөн. ҚР "Кәсіптік одақтар туралы" Заңының 4-бабының 3-тармағына сәйкес кәсіподақ қызметіне қарсы іс-қимыл жасауға, сол сияқты оның істеріне заңсыз араласуға жол берілмейтінін атап өтеміз. Аталған заңнамалық актінің 7-бабының 3-тармағында адамдарға кәсіподаққа кіруден бас тартуға, бір кәсіподақтан шығып, екіншісіне кіруге не кәсіподақты өз бетінше таратуға мәжбүрлеу мақсатында оларға қатер төндіріп немесе басқа да заңсыз әрекеттермен ықпал етуге тыйым салынған. Кәсіподақтардың қызметіне араласуға тыйым салу Халықаралық еңбек ұйымының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы № 29-II Заңымен ратификацияланған Бірлестіктер бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау (қауымдастықтар бостандығы және ұйымға құқықты қорғау) туралы № 87 Конвенциясында көрсетілген. Осы Конвенцияның 3-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік билік еңбекшілер ұйымдарының құқығын шектеуге немесе олардың заңды жүзеге асырылуына кедергі келтіруге қабілетті кез келген қол сұғушылық әрекеттерден аулақ болуы тиіс", - делінген мәлімдемеде.

 
Кәсіподақта лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қызметкерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі келтіруі, сол сияқты олардың заңды қызметіне араласуы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті ( ҚР ӘҚБтК 77-бабы, ҚР ҚК 154-бабы).
 

Біз мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктеріне орай өкілдік ететін отандастарымызды кәсіподақтармен қарым-қатынасты тек қана Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде, ынтымақтастық пен әріптестік аясында орнатуға шақырамыз. Біздің ортақ күш-жігеріміз еңбек қатынастары саласындағы заңдылықты нығайтуға, қоғамды "Әділетті мемлекет" құру жөніндегі міндеттерді орындауға шоғырландыруға бағытталуы тиіс. Заң бұзушылықтың жолын кесу және кінәлілерді жазалау үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жүгінеміз. Заңбұзушылықтар басшылар мен лауазымды тұлғалардың қызметін теріс бағалауға негіз болуы тиіс. Біз сындарлы диалог орнатуға мүдделіміз, алайда кәсіподақтар қызметіне араласулардың жолын кесу шаралары қолға алынбаған жағдайда мемлекеттік биліктің жоғары органдарына, соттарға және Халықаралық ұйымдарға жүгінетін боламыз", - деп қосты ұйымда.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны