10.02.2023, 09:53 43506

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінділердің астынан үш тірі адамды тапты

Тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде
Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінділердің астынан үш тірі адамды тапты
Сурет: gov.kz
Анкара. 10 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркияның Нурдагы қаласында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары үйінділердің астынан үш тірі адамды шығарды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Екінші эшелон Түркияға келген сәттен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары тәулік бойы құтқару жұмыстарын жүргізуде. Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді", - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.


Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді.

Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай - ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды", - деп хабарлады министрлік.


Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның Хатай провинциясындағы Антакья қаласында толығымен қираған алты қабатты үйдің үйінділерінің астынан екі қазақстандықтың мәйіттері табылып, алынды. Бұған дейін 8 ақпанда үйінділердің астынан тірі қазақстандық табылды.

6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Түркияда жер сілкінісі үш күннен бері жалғасып келеді. Елде жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды және апаттан зардап шеккен он провинцияда үш айға төтенше жағдай енгізілді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 17 674-ке дейін өсті, 72 мыңнан астам адам жараланды, деп хабарлайды РИА Новости.

Жер сілкінісі Сирияға да әсер етті: Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинциялары. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, 1 200-ден астам адам қаза тауып, екі мыңнан астам адам зардап шекті.

10.02.2023, 13.10 толықтырылды

Түркияда жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 18 342-ге дейін өсті, 72 424 адам зардап шекті, деп хабарлайды RT ел билігіне сілтеме жасап.

10.02.2023, 13.56 толықтырылды

Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары төрт учаскеде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды.

gov.kz

Қайтыс болған 14 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері запдап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде", - деп хабарлайды ТЖМ.


Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізілуде.

Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 4 қаза тапқан әйелдің денесі шығарылды.

Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде.

Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құрылымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 3-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, қайтыс болған 5 әйелдің денесі шығарылды", - деп хабарлайды ведомство.


Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Барлау және үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған әйелдің денесі шығарылды.

Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға келген сәттен бастап тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Нурдагы қаласында және Хатай провинциясында да жұмыстар жалғасуда.

Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй, үйіндінің көлемі 18 мың м3 асады. Құтқарушылардың жұмысы көптеген үйінділермен, тұрақсыз құрылымдармен күрделене түседі. Қазақстандық құтқарушылар барынша тиімді жұмыс істеуде", - деді ТЖМ.


Қазіргі уақытта осы объектіде үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі - Қазақстан азаматы, екеуі - Түркия азаматы.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғастырылуда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны