31.05.2021, 20:05 11979

Қазақстанның медициналық ұйымдары қағаз тасығышта КВИ-ға қарсы вакцинация туралы анықтаманы беретін болады

НҰР-СҰЛТАН. 31 МАМЫР - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов "Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қаулыға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

КВИ-ға қарсы вакцинацияны жүргізуге тартылған медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Әдістемелік ұсынымдарға 5-қосымшадағы нысанға сәйкес талап ету бойынша қағаз тасығышта Қазақстан Республикасында жүргізілген КВИ-ға қарсы вакцинация туралы анықтаманы 2021 жылғы 1 маусымынан бастап береді", - делінген құжатта.

 
Сонымен қатар, КВИ-ға қарсы вакцинацияны жүргізуге тартылған медициналық ұйымдар шетелдік азаматтарға қағаз тасығышта Қазақстан Республикасында жүргізілген КВИ-ға қарсы вакцинация туралы анықтаманы 2021 жылғы 1 маусымынан бастап береді.
 
Жаңа қаулыға сәйкес, мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйіне барып, КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу ұйымдастырылады.
 
КВИ-ға қарсы вакцинацияны жүргізуге тартылған медициналық ұйымдар:
 
1) растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда шет елде КВИ-ға қарсы екпе алған Қазақстан Республикасы азаматтарының КВИ-ға қарсы вакцинациялануы туралы мәліметтерді 2021 жылғы 1 шілдесінен бастап ҚР ДСМ ХТТ "Вакцинация" модуліне енгізеді; 
 
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (ҚР БҒМ) растайтын ақпарат ұсынған жағдайда клиникалық зерттеулер шеңберінде "QazCovid - in" ("QazVac") вакцинасымен КВИ-ға қарсы екпе алған Қазақстан Республикасы азаматтарының КВИ-ға қарсы вакцинациялануы туралы мәліметтерді Модульге енгізеді;
 
3) ҚР БҒМ растайтын ақпарат ұсынған жағдайда "QazCovid-in" ("QazVac") вакцинасымен КВИ-ға қарсы екпе алған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің КВИ-ға қарсы вакцинациялануы туралы мәліметтерді Модульге енгізеді.
 
КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары "eGov mobile" мобильді қосымшасының "Цифрлық құжаттар" сервисінде электрондық "Вакцинация паспортын" алады.
 
Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылғы 30 мамырдағы 23.59 жағдай бойынша Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесімен коронавирустың 386 549 жағдайы тіркелген.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны