Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына 10 жылдық ақшалай қаражат төленеді
Қарағанды облысының Абай шахтасында көз жұмған кеншілердің отбасына баспана беру, несиелерін өтеу мәселесі пысықталады.
Сурет: Pavlofox from Pixabay
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген министр әзірге төтенше оқиғаға нақты кімнің кінәлі екенін айту ерте екенін жеткізді.
Кез келген тергеу шарасының талабы болады. Әзірге нақты анықталған кінәлілер жоқ. Бірақ күдіктілердің, жауап алынатындардың белгілі бір тобы бар деуге болады. Мұндай фактіге жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ оның бәрі комиссия жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша айқындалады", - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол оқиға кезінде қаза болған кеншілердің үй ішіне қандай көмек көрсетілетінін атады.
Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында бекітілген еңбек шарты бойынша, қаза болғандардың бәрінің отбасына 10 жылдық ақшалай тіршілік шығыны төленеді. Бұдан кейін жеке келісімшарттар аясында несиелерін жабу мәселесі қарастырылады. Қазір студент болып жүрген балалары болса, олардың оқуын төлеу мәселесі міндетті түрде ескеріледі. Қолда бар жеке еңбек шарттарының аясында компания мұқтаж отбасыларға баспана беру мәселесін де пысықтайды", - деді министр.
Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Абай" шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.
ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған.
Ақпарат көзі: inform.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.