Банктер мен коллекторлық агенттіктерге қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 25 млн теңгеден астам айыппұл салынды
2021 жылы Агенттікке шамамен 27 мың өтініш келіп түсті, оның шамамен 66%-ы екінші деңгейдегі банктердің жосықсыз әрекетімен байланысты.
НҰР-СҰЛТАН. 14 ЖЕЛТОҚСАН - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген құжаттамалық тексерулердің нәтижелері бойынша екінші деңгейдегі банктер мен коллекторлық агенттіктерге қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 25,5 млн теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік жүргізген құжаттамалық тексерулер нәтижелері бойынша 93 қаржы ұйымына және 21 коллекторлық агенттікке жалпы сомасы 25,5 млн теңге болатын 92 ұсынымдық сипаттағы қадағалап ден қою шарасы, 54 жазбаша ұйғарым және 87 әкімшілік жаза қолданылды", - деп хабарлады ҚНРДА баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылы Агенттікке шамамен 27 мың өтініш келіп түсті, оның шамамен 66%-ы екінші деңгейдегі банктердің жосықсыз әрекетімен байланысты, өтініштердің 30%-ы МҚҰ тарапынан бұзушылықтарға қатысты және 3%-ы коллекторлық агенттіктердің заңсыз әрекеттеріне қатысты.
Өтініштердің көпшілігінің мәні проблемалық берешекті реттеу, оның ішінде берешекті қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру рәсімдері арқылы реттеу, қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі ұсыныстарды қарау мәселелері болып табылады", - деп нақтылады агенттікте.
Азаматтарға тікелей консультативтік көмек көрсету үшін Агенттік азаматтарды қабылдайды. 2021 жылы Call-орталық және жедел желі арқылы азаматтардың 5 570 аса қоңырауы өңделіп. Шамамен 5 мың қаржылық қызметтерді тұтынушымен кездесулер ұйымдастырылды, олардың мәселелері бойынша жан-жақты түсініктемелер беріліп, құқықтық қолдау көрсетілді.
Агенттіктің жәрдемдесуімен банктер мен МҚҰ 6 мыңнан аса азаматтың қарызын қайта құрылымдады. Агенттік атқарушылық іс жүргізу рәсімдері шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады. Агенттік мамандары 1 305 сот отырысына қатысты, оның ішінде 1 100 шағым-талап бойынша шешім қарыз алушылардың пайдасына шығарылды", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен МҚҰ үшін міндетті, азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі заңнамалық деңгейде енгізілді. Енді банктер мен МҚҰ проблемалық қарыз алушылардың қаржылық жағдайын жеке тәртіппен бағалауға және мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдау талаптарын айқындауға міндетті болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.