04.08.2021, 21:46 13894

Берік Шәріпке ақтау үкімін шығарды

НҰР-СҰЛТАН. 4 ТАМЫЗ - Сот "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысын ақтап шығарды.
 
Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты үкім шығарды.
 
 "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған болатын. 
 
Прокурор соттан күдіктіге Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 
 
Үкімді оқыған судья Қанат Дүйсембиев Берік Шәріпті қамаудан босатып, айыппұл салу туралы шешім шығарылғанын атады. 
 

Берік Шәріп 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 2 миллион 778 мың теңге көлемінде немесе 1000 АЕК айыппұл тағайындалсын. Берік Шәріп 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын", - деді судья. 

 
Сондай-ақ, төлеуге жататын айыппұл оның тергеу кезінде қамауда отыру мерзімі есебінен қысқартылатынын айтты. 
 

Қылмыстық кодекстің 62-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша 2020 жылғы 12 тамыздан бастап 2021 жылғы 4 тамызға дейінгі кезеңде күзетпен қамауда болған уақыттың бір күні үшін 4 АЕК айыппұл болып есептелсін және Берік Шәріп тағайындалған айыппұл түріндегі жазаны өтеді деп саналсын. Ол сот отырысының қамауынан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын", - деді судья Қанат Дүйсембиев. 

 
Еске салсақ, 2020 жылдың 14 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "СҚ-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталғанын хабарлаған болатын. 
 
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қатысты 2 ай мерзімге тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. 
 
Ал 2021 жылдың басында айыптаушы тарап өкілі күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырды деген мәлімет берген еді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны