24.08.2021, 20:42 6974

Бірыңғай байланыс орталығы операторларының жалақысын екі есе көтерді

Осылайша, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы өз қызметкерлерін сапалы және тиімді жұмыс істеуге ынталандыруға ниетті.
НҰР-СҰЛТАН. 24 ТАМЫЗ - "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы бірыңғай байланыс орталығы операторларының жалақысын екі есе көтерді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жұмысшыларды ынталандыру мақсатында 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорация 1414 бірыңғай байланыс орталығы бөлімдері операторларының жалақысы бойынша кесімді-сыйлық ақылы төлем жүргізу пилоттық жобасын іске қосты. Оған Нұр-Сұлтан қ., Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы call-орталық бөлімдерінен 106 оператор қатысып жатыр. Жаңа жүйе бойынша пилоттық жобаға қатысушылар өз жұмыстарының сапасына байланысты көбірек табыс табуға мүмкіндік алды. Бұл ретте, бір күндік орташа көрсеткішті, яғни 90 қоңырау қабылдағаны үшін ең төменгі жалақы мөлшері белгіленген. Орташа көрсеткіштен жоғары келесі әрбір қоңырау үшін төлем қосылып отырады", - деп хабарлады Мемлекеттік корпорацияда.

 
Егер бұрын байланыс орталығының операторлары 90 мың теңге жалақы алатын болса, жаңа жүйе бойынша олардың екі есе көп табыс табу мүмкіндігі бар. Жаңа жүйе бойынша ең жоғарғы жалақы мөлшері салық шегерімдерімен қоса алғанда 170 мың теңгені құрайды. Пилоттық жобаның бірінші айының қорытындысы бойынша 106 Оператордың 61-і ең жоғары деңгейге жетті, ал тағы 25 адам нормативін орындап, жоғары жалақы алды.
 

Біз жаңа жүйенің алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз – "пилотқа" қатысатын операторлардың орташа еңбек өнімділігі 114%-ға өсті. Егер бұрын бір оператор күніне 62 қоңырау қабылдаса, қазір–133 қоңырау. Пилоттық жоба әлі де жалғасып жатыр", – деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

 
2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1414 Бірыңғай байланыс орталығы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-дан "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының қарамағына өтті. Қызметкерлердің жүктемесін азайту үшін Петропавл, Көкшетау, Қызылорда және Қостанай қалаларында бірыңғай байланыс орталығының қосымша кеңселері ашылды. Операторлардың жұмыс барысына онлайн-мониторинг жүргізілді, дауыстық роботтың жұмысы жаңартылды, омниканалдық платформа енгізілді, операторларға қосымша оқыту жүргізілді. 
 
Халыққа қызмет көрсету орталықтары және eGov.kz электрондық порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша байланыс орталығына ай сайын 1,5 млн қоңырау келіп түседі. 1 шілдеден бастап 1414 байланыс орталығы әлеуметтік-еңбек саласы бойынша қоңыраулар қабылдай бастады. Бұрын осы мәселелер бойынша 1411 қысқа нөміріне хабарласу қажет болатын. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны