14.09.2021, 18:21 5619

Денсаулық сақтау министрі Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Соңғы аптада республика бойынша сырқаттанушылық деңгейі аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін 14%-ға төмендеді.
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдықтың өсуі 35%-ға төмендеді. Соңғы аптада республика бойынша сырқаттанушылық деңгейі аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін 14%-ға төмендеді. ДДСҰ бағалауы бойынша, Қазақстанда репродуктивті сан соңғы төрт апта ішінде бір саннан төмен, бұл пандемия бақылауда екенін және сырқаттанушылықтың тұрақты төмендегенін көрсетеді", — деп атап өтті А.Цой.

 
Соңғы екі аптада республиканың 5 өңірі қызыл аймақтан сары аймаққа көшті, олар: Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Түркістан облысы жасыл аймақта. Қалған 11 аймақ – қызыл аймақта.
 
Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегіндегі жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде төсек-орындардың күнделікті қамтылу мониторингіне сәйкес республика бойынша инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың қамтылуы 35% құрайды. Жалпы еліміз бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсек-орындардың бос болмау деңгейі 56%-дан 35%-ға дейін, реанимациялық төсек-орындардың бос болмауы 45%-дан 35%-ға дейін төмендегені байқалады.
 

Коронавирус инфекциясы (КВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты өңірлерде инфекциялық төсек-орындарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 25 тамыздан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін инфекциялық бөлімшелер/төсек-орындар орналастырылған 57 нысан жабылды. Жалпы төсек-орын қоры 12 211 орынға қысқарды", — деді А. Цой.

 
Бүгінгі таңда, министрдің айтуынша, бірінші компонентпен 7,1 млн астам адам егілді, екпе алуға жататын халықты қамту 71,5% құрады, екінші компонентті 5,9 млн астам адам алды, екпе алуға жататын халықтың шамамен 60%-ы қамтылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 13 қыркүйекке 23:59-дағы эпидемиологиялық жағдай бойынша Қазақстанда коронавирустық инфекцияның 845 388 жағдайы расталды. Қазақстанда өткен тәулікте 2 801 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. 12 қыркүйек күні коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 24 жағдайы тіркелді, 10 адам қайтыс болды және 10 адам сауығып кетті. 2020 жылғы 13 наурыздан бастап барлығы тіркелді: ауру – 72 820, өлім – 4 687, сауыққандар – 59 801. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны