19.02.2025, 14:22 1726

Депутат бұралқы иттерді эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасын ұсынды

Депутат бұралқы иттерді эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасын ұсынды
Елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды ит қабады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп хабарлайды Inform.kz.

- Өткенде ғана Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-аналардың уайымын күшейтті. Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Біреулер "қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?" деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді... Соңғы кезде балаларды қойып, бұралқы иттер ересектерге шабуыл жасаған оқиғалар да көбейіп кетті. Сонда бұралқы, аш иттерді тыя алмасақ, жас бала мен қорғансыз кәрілерді олардан қорғай алмасақ, біз кімбіз?! Бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады. Түсінеміз, олар ЮСАИД сияқты батыстық ұйымдардан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ, жануарлар құқығы Адам құқығынан жоғары болғаны ма?! Адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс, - деді Е. Жаңбыршин Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Бірақ мұндай практика қоғамды алаңдатып отырған проблеманың шешімін табуға көмектеспеді.

- Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды ит қабады. Ойланып қараңыздаршы, сонда күніне 104 адамды ит талайды. Ал оның кемінде жартысы - 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл - ресми цифрлар, қорқынышты әрі сұмдық статистика. Бірнеше Мәжіліс депутаттары болып, осы мәселені реттеу үшін заң жобасын әзірлеп, Парламентте талқылап жатырмыз. Өйткені босатып жіберген бұралқы ит қоғамға қауіпті және экономикалық жағынанда тиімсіз болып тұр, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, қала мен ауылда бұралқы иттер санының азаймай отырғанының бір себебі - оларды асырап алған адамдардың жауапсыздығы.

- Бұралқы иттерді арнайы үй-жайларда ұстап, оларды күтіп-бағуға мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Есептеп көріңіздер, мектепте бір баланы тамақтандыруға мемлекеттік бюджеттен күніне 840 теңге бөлінеді, ал бір итті стерилизация, вакцинация, чиппен және операциядан кейін күтіп ұстауға 20 мыңнан 40 мыңға дейін қаржы керек екен. Әділет қайда? Адамға деген жанашырлық қайда?

Сондықтан, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР заңына біздер ұсынған иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы - гуманистік шешім деп білемін. Бұл АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания, Литва сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын әдіс. Осыған орай, қоғамда қажетсіз дау көтеріп жүрген кейбір "жануар құқығын" қорғаушылар ең алдымен адам құқығы мен адам қауіпсіздігі деген мәселені еске алсын. Тіпті, олар ақбөкендер мен Каспийдің ит балығы мыңдап қырылғанда неге бастарын бұғып үндемей қалды? Әлде батыста отырған "дирижерлері" гранттарын тек иттер мен мысықтарды қорғау үшін берді ме?, - деді Еділ Жаңбыршин.

Оның пайымынша, бұралқы иттердің мәселесін қоғамда жүйелі түрде шешу үшін Үкімет тиісті мәселелерді қолға алуы керек:

- Біріншіден, өздерін "зооқорғаушылармыз" деп тіркелген барлық ұйымдардың қандай көздерден және қандай мақсатта қаржы алғанын тексеру қажет;

- Екіншіден, азаматтарды, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-да балағаттап, қаралау, жала жабу фактілерін зерттеп және зерделеп, оларды ұйымдастырып отырған тұлғаларды анықтап, олардың іс-қимылына құқықтық баға берілуі тиіс.

- Қолданыстағы заңның аясында көшедегі бұралқы иттерді жаппай ұстап, қамау шараларын алсын, агрессия көрсеткендерін және жұқпалы аурумен ауратындарына эвтаназия жасау мүмкіндіктерін қарастырсын, - деді депутат

Еске салсақ, биыл қаңтар айында Маңғыстау облысында жасөспірімді ит талап тастады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны