03.12.2021, 20:14 127801

Еңбек министрлігі: Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады

Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%).
Еңбек министрлігі: Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады
Сурет: scoopnest.com
НҰР-СҰЛТАН. 3 ЖЕЛТОҚСАН - Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 
Еңбек министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%).
 

Елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Еңбек етуге қабілетті 126 мың адам экономикада жұмыспен қамтылған, бұл шамамен 30%-ды құрайды. Жұмысты жақсырақ таңдау үшін олар үшін Кәсіптер атласы әзірленді, ол тіршілік-тынысының шектелу түрлері бойынша 432 комбинациядан тұрады, шамамен 3 мың кәсіпті қамтиды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 15 мың адам қамтылды", – деді Серік Шәпкенов.

 
Министр сондай-ақ әлеуметтік және кәсіби бейімделу мақсатында республиканың барлық өңірлерінде 19 "Ten Qogam" орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Орталықтарда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.
 

Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балаларға арналған 6 шағын жинақты оңалту орталығын ашты (Павлодар облысы – 150 баланы қамту; Қызылорда – 150; БҚО – 100; Ақтөбе – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). Бұл 5,8 мың баланы немесе 47%-ын оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік берді", – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

 
Мемлекет Басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленді. Құжат Мәжіліске қарауға енгізілді.
 
Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоспардың жобасы әзірленді, онда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жөніндегі шаралар ескерілген.
 

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтуды кеңейту міндеті шешілетін болады. 12 өңірде 2022-2024 жылдары әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар, NUR OTAN партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, алдағы 5 жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында балаларға арналған 15 орталық ашу жоспарланған", – деді министр.

 
Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін анағұрлым басымдықтағы 22 мың объектіге (мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, емханалар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт объектілері), жыл сайын 4 400 объектіге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны