30.12.2021, 15:21 54381

Еңбек министрлігінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді.
НҰР-СҰЛТАН. 30 ЖЕЛТОҚСАН - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (Еңбекмині) ведомство басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат халықтың осы санатының қоғамға толыққанды интеграциялануына және басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталғанын атап өтті.
 

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді, оған мыналар кіреді: әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыру; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету", – деп мәлімдеді Еңбекминінің басшысы.

 
Іс-шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы баяндама жасады.
 

2019 жылы Үкімет Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекітті, ол 7 бағытты қамтиды және 64 іс-шарадан тұрады. Жоспарды жеті орталық мемлекеттік орган жүзеге асырады", – деп еске салды Руслан Сәкеев.

 
Сондай-ақ, ол соңғы екі жылда осы бағытта 1 кодексті, 2 заңды, Президенттің 1 Жарлығын, Үкіметтің 2 қаулысын, Ұлттық Банк басқармасының 1 қаулысын, министрліктердің 12 бұйрығын әзірлеу және өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
 

12 қазанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл құжат бойынша жұмыс 2019 жылы басталды. Оның негізінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы мүшелерінің, мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сараптама қоғамдастығының ұсыныстары бар. Бұл нормаларды "Nur Otan" партиясы қолдады және олар сайлауалды тұғырнамада көрініс тапты", – деді Руслан Сәкеев.

 
Вице-министр Заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұратынын және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді қарастыратынын атап өтті.
 
Мәселен, мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болды.
 
Сондай-ақ заңда мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
 
Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен техникалық құралдармен (ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір новелласы болып табылады.
 
Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.
 
Сонымен қатар, заңда мүгедек балаға күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту көзделген, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны