07.12.2022, 09:05 12601

Екібастұздағы жағдай: барлық зардап шеккен үйлерге жылу берілді

Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр
Екібастұздағы жағдай: барлық зардап шеккен үйлерге жылу берілді
Екібастұз. 7 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - 7 желтоқсан күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша барлық зардап шеккен үйлерге жылу берілді. Бұл туралы жедел штаб басшысы - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, желілік судың параметрлері: қысымы 8,8 кг/см2, түзу бағытта 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градусты құрайды.

Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылумен қамтуды қалыпқа келтіру үшін барлық күштерді жұмылдыруда. Өкінішке орай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың нәтижесінде болған гидравликалық режимнің теңгерімсіздігі, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатты. Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқандары үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз", - деп хабарлады жедел штаб.


Естеріңізге сала кетейік, Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылды.

Бұған дейін хабарланғандай, Екібастұз ЖЭО-дағы апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. 130 тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды.

Павлодар облысының прокуратурасы ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның тергеуін арнайы комиссия жүргізді.

Бірінші вице-премьер Роман Скляр апаттың алдын-ала себептерін айтты. Оның айтуынша, станция қызметкерлерінің қате әрекеттерінен желідегі қысым күшейіп, соның салдарынан жылу трассаларында көптеген жарылулар орын алған және бұл өз кезегінде қазандықтардың тоқтап қалуына әкеліп соқты.

Екібастұздағы апаттың салдары әлі де жойылуда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны