05.12.2022, 12:37 12286

Екібастұздықтарға еріктілер көмекке аттанды

Павлодарлық IT мамандары бүлінген жылыту жүйесін қалпына келтіруге көмектесуде
Екібастұз. 5 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Екібастұз халқына көмек қолын созып жатқандар көп. Жуырда апат салдарын жоюға IT мамандары да келді.

Олар үйлер жылуға толық қосылғанша қолдарына түрлі құрал-сайман алып, дәнекерлеушілер мен жұмысшыларға көмектеседі. Қазір қалада қатып қалған батареялар ауыстырылып жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24".

Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін келтірілген шығын көлемін арнайы комиссия анықтайтын болады. Қазіргі таңда барлық күш коммуналдық апаттан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруге жұмылдырылған. Кешеден бері 600-дей жылу радиаторлары ауыстырылды.

Біз команда жинап келдік. Мамандар өздерінің аспаптарын ала келді. Барлық қажетті құралдарымыз бар. Жерлестеріміз қиын жағдайға тап болғанда қарап отырғанымыз жарамас. Жедел штабқа алғыс айтамыз. №36 мектепке орналастырды. Жатын орын, ыстық тамақ бәрі қарастырылған", - деді ерікті Бауыржан Құсманов.


Еске салайық, мемлекеттік материалдық резервтен қалаға 800 жылыту батареясы жіберілген болатын.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Екібастұз тұрғынының қазақстандықтардан көмек сұрап жатқан видеосы тараған еді. Видео авторының айтуынша, қалаға жылытқыштар емес, адам ресурстары қажет.

Екібастұз ЖЭО-дағы апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. 130 тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен қалалық аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.

30 қарашада Екібастұзда Үкімет мүшелерінің қатысуымен жедел штабтың отырысы өтті. Жиында ЖЭО-ның иелері апатқа байланысты барлық шығынды қала тұрғындарына толығымен өтейтіні, сондай-ақ жылумен қамту қызметіне қайта есептеу жүргізілетіні айтылды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ЖЭО-дағы апатты уақтылы қаржыландыру арқылы болдырмауға болатынын айтты.

Павлодар облысының прокуратурасы ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның тергеуін арнайы комиссия жүргізді. Бейсенбіде бірінші вице-премьер Роман Скляр апаттың алдын-ала себептерін айтты. Оның айтуынша, станция қызметкерлерінің қате әрекеттерінен желідегі қысым күшейіп, соның салдарынан жылу трассаларында көптеген жарылулар орын алған және бұл өз кезегінде қазандықтардың тоқтап қалуына әкеліп соқты.

Бейсенбіде Президент Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қызметінен босатты. Әлеуметтік желілерде бұрынғы басшы төтенше жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрады.

Апаттан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке проблемалы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды қарастыруды тапсырды.

Ақпарат көзі: 24.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны