21.03.2021, 16:40 15310

Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. 21 НАУРЫЗ - Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Тұңғыш Президенттің сайтында құттықтаудың толық мәтіні жарияланды.
 

Қымбатты қазақстандықтар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Көктемгі күн мен түннің теңелуі – бүкіл қазақстандықтар асыға күтетін және ерекше атап өтетін айтулы мереке. Халқымыздың ұлы мәдениеті, бай салт-дәстүрі көрініс тапқан Наурыз мейрамы Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін ұйыстырады", - делінген хабарламада.

 
Елбасы барлығына бақыт, денсаулық және амандық тіледі.
 

Тәуелсіздік жылдары бұл мереке ел бірлігінің жарқын символына айналды. Ол татулық, тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің үйлесімді дамуының іргетасы әрі зор жеңістерінің кепілі екенін айғақтайды. Біз Тәуелсіздіктің осы негізгі құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, әрі қарай нығайтуға тиіспіз. Қазақстандықтар бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына кәміл сенемін. Осы шуақты мерекеде Отанымыз – Қазақстан Республикасына шын жүректен тыныштық пен бақ-береке тілеймін. Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!", - делінген Назарбаевтың үндеуінде.

 
Қазақстандықтар Наурыз мерекесін атап өтуде. Қазақстанда Наурыз ресми түрде үш күн - 21-23 наурызда тойланады. Бұл күндер демалыс деп саналады. Қазақстандықтар қатарынан бес күн демалады, ал алты күн жұмыс істейтіндер төрт күн демалады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны