24.08.2021, 19:31 8786

ҰЭМ басшысы Қазақстан экономикасының 2022-2026 жылдарға арналған даму сценарийлерін жариялады

НҰР-СҰЛТАН. 24 ТАМЫЗ - Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстан экономикасының 2022-2026 жылдарға арналған даму сценарийлері туралы айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ол сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленгенін айтты.
 

Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8%, оптимистік 5% және пессимистік 4,6% құрайды. Негіз ретінде, бюджетті жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. "Осы сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2% дейін жеделдейді. 2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 трлн теңгені, ал 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды", - деді Ерғалиев.

 
Базалық сценарий бойынша доллардың есептік бағамы - 425 теңге.
 
Барлық базалық салаларда оң өсім күтілуде. 
 
2022 жылы мұнай өндіру 87,9 млн тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
 

2022 жылы тауарлар экспорты $60,1 млрд деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға қарай $79,8 млрд дейін ұлғаяды. Тауарлар импорты 2022 жылы $40,8 млрд-тан 2026 жылы $43,4 млрд дейін ұлғаяды. Сауда балансының сальдосы $19,3 млрд-тан $36,4 млрд дейін өседі", — деді Ә. Ерғалиев.

 
Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді. 
 
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. 
 
Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр.
 

Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленіп, қарауға енгізіліп отыр. Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 млрд теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады", — деді ұлттық экономика министрі.

 
Жалпы ішкі өнімге байланысты 2022 жылы бюджет тапшылығы 3,3% деңгейінде болжанса, келешекте 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5% дейін төмендеу болжанып отыр.
 
2022 жылы мұнайлы емес тапшылық жалпы ішкі өнімге байланысты 8,1% құрап, 2024 жылы ЖІӨ-ге қатысты 6,3% дейін төмендейді. 
 
Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге, 2023 жылы 15,6 трлн теңге және 2024 жылы 16 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. 
 
Мұнай бағасы барреліне $60 болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 трлн теңгеден 2024 жылы 3 трлн теңгеге дейін өседі. 
 
Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы $55,3 млрд-тан 2024 жылы $61,6 млрд дейін өседі.
 
$1 = 426 теңге. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны