24.11.2022, 14:38 30366

ҰЭМ басшысы зейнетақы жинақтарын алу шегін төмендету туралы ұсынысқа түсініктеме берді

"Жеке өзімнің көзқарасыма тоқталсам, мұндай қадамға қарсымын".
Астана. 24 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Зейнетақы жинағын пайдалану үшін ең төменгі жеткілікті шегін төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысына сауал жолдады.
 

Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Ал жеке өзімнің көзқарасыма тоқталсам, мұндай қадамға қарсымын. Өйткені зейнетақы аударымдарын алудың бірінші толқыны бойынша есептеулер жүргізілген кезде, адамдардың тиісті жас санатын қамтамасыз ету үшін белгілі бір есептеулер жүргізілді. Сондықтан зейнетақыға қатысты ең төменгі жеткілікті шекті төмендету зейнетақы жинағын шешіп алуды ынталандыратыны түсінікті. Осының салдарынан болашақта зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің жеткіліксіз болу тәуекелдерін айтарлықтай арттырады", - деді Ә. Қуантыров Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

 
Оның пайымынша, зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендету салдарынан бюджетке қосымша жүк те болады. Бұл тұрғыда зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайына кері әсер ететін түрлі факторлар басталады.
 
Айта кетейік, биыл наурыз айында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов Үкіметті зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін қолдану мерзімін 2022 жылдың соңына дейін ұзартуға шақырды.
 
Биыл 1 сәуірден бастап Қазақстанда зейнетақы қаражатының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану үшін ең төменгі жеткілікті шегі өсті.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны