02.11.2021, 19:24 22461

Еуропа мен Ресейдегі эпидахуалдың өршуі, вакциналану қарқынының төмендеуі ҚР-дағы жағдайды нашарлатуы мүмкін

Алматы әкімдігі қала тұрғындарынан денсаулықтарын сақтау үшін вакциналануды өтінеді.
Еуропа мен Ресейдегі эпидахуалдың өршуі, вакциналану қарқынының төмендеуі ҚР-дағы жағдайды нашарлатуы мүмкін
АЛМАТЫ. 2 ҚАРАША - Еуропа мен Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың өрши түсуі, вакциналану қарқынының төмендеуі Қазақстандағы жағдайды нашарлатуы мүмкін, деп хабарлады мамандар Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен КВИ таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы барысында, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Отырыста санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, өлім-жітімді азайту және вакциналану қарқыны мәселелері қаралды.
 

Ахуалдың тұрақтануына және оптимистік болжам бойынша дамуға қарамастан, эпидемиологтар ықтимал нашарлау туралы ескертеді. Бұған Еуропа мен Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың өрши түсуі, вакциналану қарқынының төмендеуі ықпал етуі мүмкін. Індеттің жаңа толқынының қаупін азайту үшін алматылықтарға эпидемиологиялық талаптарды сақтау және вакциналану қажет. КВИ-ге қарсы вакцианы екпе салуға жататын қала тұрғындарының жалпы санының кемінде 80%-ы алуы тиіс", - деп хабарлады қала әкімдігі.

 
Науқастардың жас құрамын салыстырмалы талдау кезінде апта ішінде дерт жұқтырғандардың 77%-ы вакциналанбаған 20 жастан асқан азаматтар. 14 жасқа дейінгі балалар арасында жұқтырғандар саны 2,2%-ға, 40-59 жастағы адамдар арасында 1,4%-ға өскені байқалады.
 
Сырқаттанушылардың 85%-ы инфекцияны сауда объектілерінде - 28%, қоғамдық көлік - 21,4%, отбасылардағы байланыстар - 22,3% және базарлар - 8% жұқтырған. Үйде инфекция жұқтыру 4,4%-ға өсті. Дерт туыстармен, көршілермен және таныстармен байланыс кезінде, сондай-ақ отбасылық іс-шараларды мерекелеу санының өсуіне орай таралуда.
 
Белгіленген карантиндік шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. 25-31 қазан аралығында кәсіпкерлік нысандарында 19 және қоғамдық көліктерде маска режимі сақталмаған 23 бұзушылық анықталды.
 
Айта кетерлігі, дүйсенбіден бастап Алматыда "сары" аймақтың талаптары қолданылады. Ashyq жобасына қатысушылардың жұмыс ұзақтығы 1 сағатқа, жоба жетекшілерінің жұмыс уақыты түнгі сағат 3-ке дейін ұзартылды. Барлық нысандар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес "сары" аймақ режимі бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, өткен аптада Ashyq жобасы бойынша оқшаулау режимін бұзған 100 қала тұрғынында "қызыл" мәртебе анықталды. Көбінесе бұзушылықтар СОО-да, дүкендерде және тамақтану объектілерінде орын алуда.
 
Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 1 039 адам, оның ішінде 35 бала бар. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 93 пациент емделуде. Мобильді медициналық бригадалар мен телемедицина орталығының бақылауына 2 124 пациент алынған.
 
Кеңес барысында Biontech және Pfizer бірлесіп әзірлеген "Комирнати" препаратымен вакциналауға дайындық мәселелері қаралды. Препараттың жеткізілуі осы айға жоспарланған.
 
Алматы әкімдігі қала тұрғындарынан денсаулықтарын сақтау үшін вакциналануды өтінеді. Вакциналану эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, қала өмірін қалыпты жағдайға қайтаруға, шектеу шараларының алынуына мүмкіндік береді. Бұл игі шаралардың іске асуы әр алматылыққа қатысты, сондықтан уақытты жоғалтпай, коронавирусқа қарсы екпе салдырыңыз, туыстарыңыз бен достарыңызды өзіңізден үлгі алуға шақырыңыз. Қалада күн сайын 137 вакциналау пункті жұмыс істейді.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны