22.04.2021, 21:22 7999

ІІМ басшысы полицейлер үшін жақын арада орындалуы тиіс 8 міндетті анықтады

Ерлан Тұрғымбаев алдағы кезеңге полиция қызметінің екі негізгі бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша міндеттерді белгіледі.
НҰР-СҰЛТАН. 22 СӘУІР - Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кеңейтілген отырыста жақын арада полицейлер үшін сегіз міндетті анықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Министрдің айтуынша, криминогендік жағдайдың жақсаруының оң динамикасы атап өтілді. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі 13 %-ға төмендеді. Пайдакүнемдік және зорлық-зомбылық қылмыстарының саны айтарлықтай азайды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптеген түрлерінің ашылуы жақсарды. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артты.
 
Тонау, бұзақылық, ұрлық, қоғамдық орындар мен көшелердегі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың саны үштен бірге азайды. Бұрын сотталған адамдар және мас күйінде жасалған кісі өлтіру, қарақшылық саны қысқарды.
 
Сонымен қатар, ІІМ басшысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар, интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстарға, сондай-ақ жол қауіпсіздігінің жай-күйіне назар аударды.
 

Ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз қоғамдық орта құру. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің нысандары мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ халықпен байланысты жалғастыру қажет", – деп атап өтті министр.

 
Құқық бұзушылық профилактикасы саласында:
 
• неғұрлым криминогенді учаскелерде стационарлық бекеттер орнату, сондай-ақ үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде жаяу патрульдеу есебінен "жұртқа жақын полиция" қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету;
 
• қоғамдық орындарда, елді мекендерде және жолдарда полицияның жедел басқару орталықтарымен ықпалдаса отырып, зияткерлік қауіпсіздік жүйелерін дамыту бойынша шаралар қабылдау;
 
• учаскелік полиция пункттері желісін дамытуды қамтамасыз ете отырып, учаскелік инспекторлар қызметінің жарақтандырылуын арттыру;
 
• жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымын бақылауды күшейту;
 
• қылмыстық-түзеу мекемелерінде жаппай бейнебақылау енгізу.
 
Қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша:
 
• қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы мен ашықтығын жақсарту;
 
• киберқылмыспен күрес бөлімшелерін білікті IT-мамандарымен, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, қазіргі заманғы бағдарламалық-техникалық жабдықтармен нығайту;
 
• есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, синтетикалық есірткілердің, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуының жолын кесу жөнінде шаралар қабылдау.
 

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздік осы міндеттерді тиісінше орындаған жағдайда қамтамасыз етіледі", – деп атап өтті ІІМ басшысы.

 
Ішкі істер органдарын реформалау шеңберінде жеке құрам саны 10,5 мың бірлікке, басшы лауазымдар саны 1,5 мыңға қысқартылғанын атап өту қажет. Ашықтық және белсенді диалог қағидаттарына негізделген қоғаммен байланыстың жаңа форматтары енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі жүзеге асырылуда. Жалпы, ІІО жаңғырту бойынша Жол картасының 127 пунктінің 90-ы іске асырылды.
 
ІІМ басшысы министрлік Мемлекет басшысының полиция жұмысының сервистік моделін құру, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны