01.05.2018, 18:28 4764

Қазақстанға Мәжит Бегалинніӊ "Бұл Шұғылада болған еді" фильмі оралды

Картина 1955 жылы түсірілген, алайда КСРО-да шектеулі прокатта жүрген. Бүгінгі таӊда оныӊ жалғыз көшірмесі (контратип) Ресей Федерациясыныӊ "Белые столбы" атаулы Мемлекеттік фильм қорында сақтаулы.

Алматы. 1 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақ Ұлттық Өнер Университетініӊ "Кино және ТВ" кафедрасында Мәжит Бегалинніӊ "Бұл Шұғылада болған еді" атты фильмініӊ Қазақстандағы алғашқы көрсетілімі өтті. Картина 1955 жылы түсірілген, алайда КСРО-да шектеулі прокатта жүрген. Бүгінгі таӊда оныӊ жалғыз көшірмесі (контратип) Ресей Федерациясыныӊ "Белые столбы" атаулы Мемлекеттік фильм қорында сақтаулы.

2017 жылы Мәжит Бегалинніӊ шығармашылығын зерттеуші - режиссер-документалист Евгений Лумпов "Фильмніӊ үйге оралуы" атты шара ұйымдастырып, шара аясында жиналған қаржыға фильмді сандық форматқа көшіріп, DVD-көшірмесін жасаған. Картина елге оралып, коммерциялық емес мақсатта көрермендерге көрсетілетін болады.

- Мәжит Бегалинніӊ фильмдері Ресейдіӊ Мемлекеттік фильм қорында сақтаулы болуы мүмкіндігі туралы оныӊ туған інісі - Қасым Сапарғалиұлы Бегалиннен білдім. Мен ресми өтініш жасап, "Бұл Шұғылада болған еді" фильмініӊ сол жақта екенін анықтадым. Сонда шара ұйымдастырып, өз өлеӊдерім шыққан кітапты сатып, содан түскен қаржыға фильмді сандық форматқа көшірдім. Бұл шараға көптеген адамдар атсалысты, отандастарымыз мәдени құндылығымыздыӊ елге оралуына қызығушылық танытты. Бұл шараға қатысқан барлық жанашыр жұртқа алғысым шексіз, - деді Евгений Лумпов.

Көрсетілімге студенттер, университет оқытушылары, кинотанушы Назира Мұқышева, өнертану ғылымыныӊ кандидаты, доцент Ардақ Юсипова, суретші Асхат Ахмедьяров және оператор Талғат Тайшанов қатысты.

- Бұл Қазақстан кинематографистері үшін айтулы оқиға. Еліміздіӊ біртуар режиссері Мәжит Бегалинніӊ фильмініӊ алғашқы көрсетілімі Шәкен Айманов атындағы кинозалда өтіп жатқаны қуантады. Және аталмыш көрсетілім Қазақ Ұлттық Өнер Университетініӊ 20-жылдық мерейтойына орай өтіп жатқанын айтқым келеді. Біздіӊ университет студенттерге қазақ киносыныӊ кешегі және бүгінгі туындыларымен таныстыруды жалғастыра береді, - деді "Кино және ТВ" кафедрасыныӊ меӊгерушісі Талғат Тайшанов.

Евгений Лумповтыӊ айтуынша, бұл картина, Мәжит Бегалинніӊ белді картиналары ("Оныӊ күні туады", "Мәншүк туралы ән", "Артымызда Мәскеу") сияқты көркемдік жағынан аса мықты болмаса да оныӊ режиссерлік қолтаӊбасыныӊ тууына үлес қосқан. Фильмнен режиссердіӊ енді ғана туып жатқан өзіндік поэтикалық және көркемдік шешімдерін көруге болады.

Фильмге қазақ киносыныӊ майталмандары қатысқан. Сценарий авторы Ибділдә Тәжібаев ("Жамбыл", "Дала батырлары"), қоюшы-операторы Александр Фролов ("Жапонияныӊ күйреуі", "Советтік Қазақстан"), қоюшы-суретшісі Құлахмет Қожықов ("Меніӊ атым Қожа", "Атамекен"), композиторы Евгений Брусиловский ("Оныӊ күні туады", "Тыныштық"). Фильмдегі басты рөлдерді танымал актерлер Ыдырыс Ноғайбаев ("Алғашқы ұстаз", "Қыз-Жібек"), Кененбай Қожабеков ("Меніӊ атым Қожа", "Сұлтан Бейбарыс"), Шахан Мусин ("Степные раскаты", "Тридцатого уничтожить"), Елубай Өмірзақов ("Амангелді", "Абай әндері"), Бибігүл Төлегенова ("Біздіӊ сүйікті дәрігер", "Тақиялы періште"), Олеся Иванова ("Молодая гвардия", "Кин-дза-дза!"), Серке Қожамқұлов ("Шабандоз қыз", "Ана туралы жыр") және басқалар сомдаған.

Фильм туралы: Сюжет бойынша Телғара Темірбеков "Шұғыла" колхозында жиырма жыл бойы төрағалық қызмет атқарады. Ол өзініӊ алғырлығы мен білгірлігі арқасында колхоз ұйымдастырып, оныӊ экономикалық тұрғыдан орнығуына бар күшін салып, аудандағы үздік колхоздардыӊ бірі етуіне еӊбек етеді. Алайда жылдар өте келе Телғара қатты өзгереді. Дандайсып, колхоздағыларға құлақ асудан және сыйлаудан қалады. Айналасын жағымпаздармен қоршайды. Бұныӊ бәрі колхоздыӊ күйреуіне әкеп соғады: мал өлімі көбейіп, астық өнімдерініӊ түсімі азаяды. Жас агроном Бақытжан, фельдшер Ксюша Телғара Темірбековпен күреуге бел буады. Оларды райком партиясыныӊ хатшысы Рүстемов қолдайды. Орынды айтылған сынды қабылдаған Телғара Темірбеков қателескенін мойындайды.

Режиссер туралы анықтамалық ақпарат:

Мажит Сапарғалиұлы Бегалин (22.2.1922, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы Дегелеӊ а. - 5.5.1978, Мәскеу) - кинорежиссер,Қазақстанныӊ еӊбек сіӊірген өнер қайраткері (1966). 2-дүниежүзілік, соғысқа қатысқан. 1948 ж. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1950 - 78 ж. "Қазақфильм" киностудиясында режисер болып, өз замандастары туралы "Бұл шұғылада болған еді" (1955), "Жерге қайта М.Бегалин оралу" (1959), "Түлпардыӊ ізі" (1964) көркем фильмдерді қойды. Ш.Уәлиханов туралы "Оныӊ күні туады" (1957), Б.Момышүлы жайында "Артымызда Мәскеу" сце- нарий авторы; 1967; 1968 ж. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен Орта Азия мен Қазақстан кино өнері байқауыныӊ бас жүлдесі мен 1- дәрежелі дипләмы; М.Мәметова туралы "Мәншүк туралы баллада" (1969; 1970 ж. Минск қаласында өткен Бүкілодақтық кинобәйгедегі КСРО Қорғаныс минстрлігініӊ бас жүлдесі) секілді тарихи-ғұмырнамалық фильмдер Бегалинніӊ режиссерлік шеберлігін танытты. Рейсми шығармашылығы туралы "Мажит Бегалин" атты деректі фильм (1981) түсірілген.

ФИЛЬМОГРАФИЯСЫ. түсірген көркем фильмдері: "Бұл Шұғылада болған еді" (АК, 1955), "Оныӊ күні туады" (АК, 1957), "Возвращение на землю" (АК, 1959), "Следы уходят за горизонт" (КФ, 1964), "Артымызда Мәскеу" (КФ, 1967), "Мәншүк туралы ән" (КФ, 1969), "Степные раскаты" ("Отқа оранған Орал", КФ, 1975).

мына фильмдерде жұмыс істеген: "Жас гвардия" ("Мосфильм", 1948), "Падение Берлина", ("Мосфильм"), "Жамбыл" (АК, 1952), "Лесная баллада" (КФ, 1972, худ. рук.), "Клад Черных гор" (КФ, 1978, худ. рук.).

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны