27.09.2024, 17:57 91106

Қазақстан СТОБҮК ұйымына төрағалық етеді

Қазақстан СТОБҮК ұйымына төрағалық етеді, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметінен.

Алматы қаласында ТМД елдерінің Салықтық (қаржылық) тергеу органдары басшыларының үйлестіру кеңесінің (СТОБҮК) 23-отырысы өтті.

Отырысқа Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстанның салықтық (қаржылық) тергеу органдарының басшылары қатысты.

Сонымен қатар жиынға ТМД Атқарушы комитетінің Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтимов басшылығымен делегация қатысты.

Жиынды Қаржылық мониторинг агенттігінің Төрағасы Жанат Элиманов ашты.

Кеңес отырысында төрағалықтың Беларусьтен Қазақстанға ауысатыны жарияланды.

СТОБҮК төрағасы болып ҚР ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов, ал тең төрағалар ретінде Салықтық (қаржылық) тергеу органдарының басшылары Беларусь Республикасынан Андрей Самбук пен Армения Республикасынан Ваан Чархифалакян сайланды.

Қатысушылар ТМД мемлекеттерінің салықтық тергеу органдарының экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін және алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларын талқылады.

Басқосуда ведомствоаралық өзара іс-қимыл механизмдері және экономикалық құқық бұзушылықтармен, соның ішінде заңсыз ақша айналымы, заңсыз ойын бизнесімен күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.

Делегация басшылары цифрлық активтерді, криптовалюталарды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлерге қарсы күрес бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Кеңес мүшелері үшін күн тәртібіндегі ерекше мәселе экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға байланысты қылмыстармен күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды және ынтымақтастықты талқылау болды.

Сонымен қатар, тараптар Кеңеске қатысушы елдердегі кадрлық қызметкерлердің білімін және кәсіби дағдыларын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жаңадан сайланған төраға Қайрат Бижанов Қазақстан Кеңес алдына қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін салатынын және ынтымақтастықтың басым бағыттарын барынша тиімді жүзеге асыруға ұмтылатынынын атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны