04.10.2024, 18:09 88096

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Президенттің айтуынша, әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс.

 "Заң мен Тәртіп - әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл - заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды, екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, келесі басымдық - саланы цифрландыруды жалғастыру.

Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл - әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету - маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы сот ісін қашықтан жүргізу азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жүйесін енгізуге мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ осы тәжірибені әкімшілік істерде қолдануды көздейтін заң жобасы депутаттардың қарауында жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс.

Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті қазылар қауымы тексереді. Бұл - соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл", - деді Президент.


Сөз соңында Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.

Жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEРEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сөз сөйледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны