03.08.2021, 20:38 61125

Мектеп формасы тағы бір жылға міндетті емес

НҰР-СҰЛТАН. 3 ТАМЫЗ - Жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігі мектеп формасын міндетті түрде кию туралы талапты қайтадан алып тастау туралы шешім қабылдады. Оны классикалық стильдегі киіммен ауыстыруға болады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Пандемияға байланысты өткен жылы міндетті мектеп формасы алынып тасталды. Биыл Білім және ғылым министрлігі бұл шешімді ұзарту туралы шешім қабылдады.
 

Барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды", - деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-те.

 
Ол қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейгенін атап өтті. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін. 
 
Сонымен қатар, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады. 
 
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов өзі ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. 
 

Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әр түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды", - деп түйіндеді министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны