02.06.2021, 23:52 19768

Неге Қазақстанда ана капиталы енгізілмейді

НҰР-СҰЛТАН. 2 МАУСЫМ - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттарына елде ана капиталын енгізу туралы ұсынысқа жауап берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ресейлік тәжірибені егжей - тегжейлі зерделеу мақсатында бұл мәселе 2020 жылғы қазанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі Консультативтік кеңесінің XXXIII отырысында қаралды. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша "Ана капиталы" бала тууды ынталандыру және "табиғи кему"сияқты құбылысты жеңу жөніндегі уақытша шара болып табылатынын атап өткен жөн. Іске асыру кезінде Ресей Федерациясында туудың жалпы коэффициенті 1,4 болды (өмір бойы құнарлы жастағы бір әйел бір бала туа алады). Мәселен, осы бағдарламаны іске асыру кезінде (13 жыл ішінде) туудың жиынтық коэффициенті 0,1-ге өсті немесе 1,5-ке жетті (Ресей Федерациясының статистика деректеріне сәйкес), бұл оның тиімсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстанда туудың жиынтық коэффициенті 2007 жылы 2,47 құрады және 2020 жылы 3,13 - ке дейін өсті (халықтың өзін-өзі өсіру үшін 2,1 жеткілікті коэффициент)", - делінген Тоғжановтың жауабында.

 
Вице-Премьердің айтуынша, Қазақстанда қолданыстағы ана мен баланы қолдау жүйесі өтелетін тәуекелдің бүкіл ұзақтығы ішінде жәрдемақыларды төлеудің уақтылығы мен кезеңділігіне кепілдік береді және әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді. Ол жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемді (орташа айлық жалақының 40%-ға жуығы), бала тууына (бірінші, екінші, үшінші бала тууына - 110 846 теңге, төртінші және одан да көп бала тууына - 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), мүгедек баланы бағумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) отбасының табысы ескерілмей төленетін жәрдемақыны қамтиды.
 

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген. 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға отбасындағы балалар санына байланысты сараланған мөлшерде жәрдемақы тағайындалады және төленеді (4 баласы бар отбасылар үшін 16,03 АЕК - 46 760 теңге, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК - 58 457 теңге, 6 баласы бар отбасылар үшін 24,05 АЕК - 70 154 теңге, 7 баласы бар отбасылар үшін 28,06 АЕК - 81 852 теңге, 8 және одан көп бала үшін - әр балаға 4 АЕК-тен). Табысы төмен (отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен) аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады (мектеп жасындағы балалар үшін - оқу орны бойынша тегін тамақтану, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, мектеп формасымен және керек - жарақтармен қамтамасыз ету, мектеп жасына дейінгі балалар үшін - балаларға арналған азық-түлік жиынтықтарымен және тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз ету)", - деп еске салды Тоғжанов.

 
Бұдан басқа, бүгінде барлық өңірлерде және елордада "жалғыз терезе" қағидаты бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларға барлық қызықтыратын мәселелер бойынша (атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тұрғын үй, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар беру және т.б.) консультациялық қызметтер көрсететін "Жанұя" және "Шаңырақ" отбасы институтын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталықта балалар мен олардың ата-аналарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға психологиялық және мотивациялық тренингтер мен өзге де іс-шаралар өткізіледі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны