29.06.2021, 23:58 11471

Nur Otan-да ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері қаралды

Тыңайтқыштар өндіру, жем-шөп сатып алуды субсидиялау, отандық агрохимияның жай-күйі және басқа да өзекті мәселелер "Nur Otan" партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
НҰР-СҰЛТАН. 29 МАУСЫМ - Тыңайтқыштар өндіру, жем-шөп сатып алуды субсидиялау, отандық агрохимияның жай-күйі және басқа да өзекті мәселелер "Nur Otan" партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Nur Otan" партиясының ресми сайтына сілтеме жасап.
 
Кеңес мүшесі Ярали Халилов шаруаларды субсидиялаудың қазіргі жүйесінің ашықтығы күмән тудыратынын алға тартты. Мәселен, егер Қазақстанда барлығы 252 мыңнан астам ауыл шаруашылығы субъектісі болса, солардың 3,8%-ы ғана арзандатылған бағамен өсімдіктерді қорғау құралдарын, 6%-ы ғана тыңайтқыштар алған. 
 

Бұл қолданыстағы субсидиялау тәртібінің тиімсіздігін көрсетеді. Қаржылық қолдауға тек таңдаулылар ғана қол жеткізе алатындай көрінеді. Ақшаны әркімнің қолына ұстата салуға болмайды. Өндіріс факторларын жеткізушілерге, яғни фермерлер тұқым, жабдық сатып алғандарға тікелей төлеу керек. Субсидияларды кім және қалай алғанын бақылау оңайырақ болады", - деді Ярали Халилов.

 
Тыңайтқыштарды субсидиялау саласында да айтарлықтай қиындықтар баршылық. Өйткені субсидиялау тәртібі жыл сайын және дәл көктемгі егіс жұмыстары кезінде өзгереді. Осылайша, фермерлер тыңайтқышты қазақстандық өндірушілерден сатып ала алмай қалады. Сосын олар шет елдікін алады немесе тыңайтқышқа жарымай, оны аз мөлшерде пайдаланады. Қазақстандық химия өнеркәсібі одағының басшысы Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, өткен жылы минералды тыңайтқыштарға берілетін субсидияның жалпы көлемі 27,8 млрд. теңгені құраған. Бірақ, бұл ақшаның басым бөлігі шетелге кеткен. 
 

Отандық минералдық тыңайтқыштарды өндірушілердің үлесіне барлық субсидиялау көлемінің 48%-ы ғана тиесілі. Осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының жартысынан көбі, ал бұл шамамен 14,5 млрд. теңге өзбек және ресейлік зауыттарға кетті", – деді Мұқаш Ескендіров.

 
Осы нарықта тәртіп орнату үшін Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Оспанов өндірушілерге өз қоймаларының болуын міндеттеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл контрафактілік өнімдермен күресуге мүмкіндік беріп қана қоймай, отандық тыңайтқыштарға деген сұранысты арттырады.
 

Өндіруші зауыттарды өңірлерде өз қоймаларын салуға міндеттеу керек. Сонда мемлекеттің субсидиялары шығу тегі мен сапасы күмән туғызатын импорттық өнімге жұмсалмайды. Егер шетелдік өндірушінің уәкілетті өкілі, Қазақстан аумағында мамандандырылған қоймалары болмаса, онда фермерлерге олардың тыңайтқыштарын сатып алуға субсидия беруге болмайды", - деді Берік Оспанов.

 
Кеңес мүшелері Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы мал шығынына қатысты жағдайды жеке талқылады. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың ақпараты бойынша, Маңғыстау облысына 1733 тонна арпаның 637 тоннасы төмендетілген бағамен жеткізілген. Ал облыстық бюджеттен жем сатып алуға 204 млн. теңге бөлінді. Қызылорда облысына 1400 тоннадан астам шөп жөнелтіліп, "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы ҰК" АҚ-мен бекітілген баға бойынша 490 тонна арпа сатып алу туралы келісімшарт жасалған. 
 
Кеңес төрағасы Берік Оспанов осындай жағдайлардың алдын алу үшін, фермерлерді қолжетімді бағада уақытылы жем-шөппен қамтамасыз ететін жем-шөп қоры құрылуы тиіс дегенді ерекше атап өтті. Бұдан басқа, салалық ведомство агросақтандыру құралдарын енгізу мүмкіндігін зерделеуі тиіс.
 
Отырыс қорытындысы бойынша Аграрлық кеңес Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, жем-шөп өндіру, техника сатып алу, сондай-ақ отандық тұқым өндіру және импорттық тұқым сатып алу көлеміне талдау жасау бағытында соңғы 5 жылдағы мемлекеттік қолдау шараларына егжей-тегжейлі талдау жүргізу. Бұдан басқа, министрлікке субсидияларды тікелей зауыттарға жіберу арқылы тыңайтқыштардың 3 жылға арналған бірыңғай құнын белгілеу мәселесін пысықтау қажет.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны