16.11.2022, 14:17 29536

Президент Алматыда ауаның ластануының негізгі себептерін көлік және тығыздау құрылысын атады

Президент Алматыда ауаның ластануының негізгі себептерін көлік және тығыздау құрылысын атады
Алматы. 16 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алматыдағы ластанған ауа мәселесі тұрғындар үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды және оны дереу шешуді талап етеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Президент экология мәселесі үнемі назарында екеніне тоқталып, алматылықтарды қаладағы ауаның ластануы қатты алаңдатып отырғанынан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр станциялары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайды. Мегаполисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр.
 
Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын қатаң қадағалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру арқылы зиянды қалдықтарды он еседен астам төмендетуге болатынын айтты.
 
Сондай-ақ, ол жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе - үйлердің тығыз салынуы екенін атап өтті.
 

Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек", - деді Президент.

 

Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын. Мұның бәрі Алматыны мейлінше жайлы, қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін қажет", - деп тапсырды Президент.

 
Мемлекет басшысы шаһарда Ботаникалық бақ сияқты қоғамдық орындар көп болуға тиіс екенін атап өтті. Кейбір аудандарда осындай нысандар мүлдем жоқ.
 
Сонымен қатар, Президент қаланың тарихи орталығындағы мәселелер туралы айтты.
 

Алматының тарихи орталығы - өмір сүру үшін аса қолайлы жер. Қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде орналасқан. Алайда, орталықтың өзіне тән түйткілдері бар. Атап айтқанда, коммуналдық жүйе тозып барады. Ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп", - деп атап өтті ол.

 
Сондай-ақ, шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр. Президент әлеуметтік нысандар жетіспейтінін айтты. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз.
 

Әкімдіктің басты міндетінің бірі - орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою. Қала - бәріне ортақ. Сондықтан, қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс" ,- деді Мемлекет басшысы.

 
Бұған дейін Президент қаланың жол-көлік жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны