25.08.2022, 09:28 34316

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі орфандық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар тізбесін кеңейтті

Жаңа дәрілік заттармен осындай ауыр дерт жабыстырған 2000-нан аса баланы қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
НҰР-СҰЛТАН. 25 ТАМЫЗ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі орфандық ауруларға шалдыққан пациенттерді амбулатория деңгейінде қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар тізбесін кеңейтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ведомствоның тиісті бұйрығымен ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне 4 орфандық ауру мен 19 дәрілік зат енгізілді", - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

 
Мәселен, амбулория деңгейінде дәрі-дәрмекпен жіті лимфообластикалық лейкемия (понатиниб), май тінінің туабітті дистрофиясы немесе Берардинелли-Сейп синдромы (метрелептин), жұлын атрофиясы (нусинерсен) және нейробластома (изотретионин) т.б. ауруларға шалдыққан балалар қамтамасыз етіледі.
 
Бұған қоса эпилепсия (тетракозактид, этосуксимид, вигабатрин, сультиам, лакосамид, перампанел, фенитоин, зонисамид, стирипентол, клобазам) Дюшен бұлшықет дистрофиясы (дефлазакорт) және созылмалы С вирусты гепатиті (софосбувир және ледипасвир) дертіне шалдыққан балаларға жаңа дәрілік заттар қосылды.
 

Жаңа дәрілік заттармен осындай ауыр дерт жабыстырған 2000-нан аса баланы қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - деп түсіндірді ведомствода.

 
Қазіргі таңда амбулатория деңгейінде тегін дәрілік заттармен 26 орфандық ауру түрі қамтамасыз етіледі. Республика бюджет есебінен мұндай дәрілік заттарды орфандық ауруы бар 13 977 пациент, оның ішінде 3 499 бала алады.
 
Науқастарды амбулатория деңгейінде дәрілік заттармен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қамтамасыз етеді. Бұл іске, жалпы алғанда, 616 МСАК ұйымы жұмылдырылған.
 
Медицина ұйымдарына дәрілік заттарды өтінім негізінде бірыңғай дистрибютор жеткізеді. Жаңа дәрілік заттарды алдағы екі ай ішінде қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
 
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен орфандық ауруы бар 1 968 бала дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. 
 
Бұған қоса жыл басында "Қазақстан халқына" қоры құрылғаны белгілі. Қордың негізгі бағыттарының бірі – орфандық ауруға шалдыққан балаларға қажетті дәріні алып беруге көмектесу.
 
Жалпы алғанда, ведомствоның мәліметінше, орфандық ауруы бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету:
 
  • Қазақстан Республикасында тіркелмеген және әрі өте қымбат тұратын дәрілік заттарды сатып алуға;
  • әлеуметтік желіде кең талқыланатын жұлын атрофиясы, эпилепсия секліді сирек дертке душар болған балаларды емдеудің инновациялық тәсілдерін қолжетімді етуге;
  • өміріне қауіп төнген, мүгедекке әкеліп соғатын пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда вакцинацияланған халықты мониторингілеу үшін дерекқор құрылуда.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны