06.02.2023, 16:03 32901

Түркияда жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматтарынан өтініштер түскен жоқ - СІМ

Түркияда жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматтарынан өтініштер түскен жоқ - СІМ
Сурет: telegram/РИА Новости
Көптеген қирауларға байланысты құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда

Астана. 6 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркияда орын алған қуатты жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
 

Түркия Республикасындағы Елшілігіміздің ақпаратына сәйкес, Астана уақытымен сағат 15-00-дегі жағдай бойынша Түркияның оңтүстік-шығысындағы қуатты жер сілкінісінен кейін Қазақстан азаматтарынан өтініш түскен жоқ. Консул Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасымен үнемі байланыста отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қаза тапқандар тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар қирандылардың өте көп болуына байланысты құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын ескерген жөн", - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.


Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбіде Түркияда қатты жер сілкінісі болды. Түрік сейсмологтарының бағалауы бойынша 7,4 баллдық жер сілкінісі Түркияның көптеген аймақтарында, соның ішінде Анкарада сезілді.
 
Үйлердің құлауы Кахраманмараш, Малатья, Шанлыурфа және Газиантеп провинцияларында тіркелді.

Малатьяда 23 адам жер сілкінісінің құрбаны болды, тағы 420 адам жараланды, 140 ғимарат құлады. Диярбакырда тағы 6 адам қаза тауып, 79 адам жараланды. Шанлыурфа провинциясында 18 адам қаза тапты, 67 адам жараланды, Османийеде - 5 адам қаза тапты, 34 ғимарат қирады.

Кейінірек Сирия Денсаулық сақтау министрлігі елдегі жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 237 адамға дейін өскенін хабарлады, 639 адам зардап шекті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайындығы туралы хабарлады.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны