03.02.2023, 10:30 48801

ТМД-да сейсмикаға төзімді құрылыс бағытында бірыңғай нормалар әзірленеді

Тиісті ұлттық нормативтік актілерге талдау жүргізілді
ТМД-да сейсмикаға төзімді құрылыс бағытында бірыңғай нормалар әзірленеді
Астана. 3 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазір базалық ұйымның қызметі аясында ТМД-ның мүшелігіне кіретін барлық елге арналып, сейсмикаға төзімді құрылыс саласы бойынша бірыңғай нормаларды әзірлеу қолға алынды. Бұл туралы "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" АҚ бас директоры Бегман Құлбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, тиісті ұлттық нормативтік актілерге талдау жүргізіліп, келесі кезекте мақұлданған бірыңғай нормалар мен олардың ұлттық қосымша құжаттарын әзірлеу міндеті тұр. Осы бірыңғай нормалар ТМД кеңістігінде сейсмикаға төзімді құрылыстың дамуына серпін беріп қана қоймай аталған саланы реттейтін ұлттық заңнамалардағы олқылықтың орнын толтыру тиіс.

Бұған қоса осы амал арқылы біз жас ғалымдардың арасында сейсмикаға төзімді құрылыс ғылымын насихаттау жөніндегі мәселені шешіп келеміз. Қазір университеттермен белсенді байланыс орнатылып, дарынды түлектер мен аспиранттардың дамуына жан-жақты мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Білікті әрі қажетті дағдыға ие мамандармен кәсіби қызметкерлердің пулын үздіксіз жасақтау - ғылымға икемделген және жоғары технологиялы сейсмикаға төзімді құрылыс саласын одан әрі дамытудың кепілі", деді Б.Құлбаев.


gov.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына ТМД Атқару комитетінің делегациясы арнайы келді. Оның құрамында ТМД-ның Бас хатшысы Сергей Лебедев пен аталған ұйымның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Михаил Мыскин болғанын айта кетейік.

gov.kz

2019 жылы институтқа ТМД-ға мүше мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласы жөніндегі базалық ұйымы ретінде мәртебесі берілген болатын. Оның негізгі қызметіне жобалау ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында сейсмикаға төзімді құрылыс саласында тәжірибе алмасып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қолғабыс ету, нормативтік-техникалық базаны жетілдіріп, ғылыми әрі тәжірибелік-теориялық зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ ТМД елдеріндегі ғимараттар мен құрылыстарға тербелісті динамикалық (натуралық) сынақты жүргізу кіреді.

Бұған дейін хабарланғандай, 9 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан Алматыда қаланың жоғарғы бөлігіндегі ғимараттардың биіктігін шектеуді көзделіп отыр. Айта кетейік, соңғы кездері Алматы тұрғындары қаланың тығыздау құрылысына шағымдана бастады, бұл коммуникациялар, көлік тұрағындағы қиындықтар, экологиялық проблемалардың шиеленісуіне ғана емес, сонымен қатар су және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда ғимараттардың 60%-ы қирауы мүмкін.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны