30.12.2022, 15:00 34006

Тоқаев Ана мен бала ұлттық орталығының кішкентай пациенттерін құттықтады

Қазір орталықтың балалар бөлімшелерінде 351 бала емделуде
Тоқаев Ана мен бала ұлттық орталығының кішкентай пациенттерін құттықтады
Сурет: telegram/№1 БОРТ
Астана. 30 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев осы орталықтағы Смарт сыныптың жұмысымен танысты. Ем алып жатқан балалар оқудан қол үзіп қалмауы үшін "Ақылды сынып" ұйымдастырылған. Мұнда мектеп бағдарламасына сәйкес математика, тарих және басқа да пәндер оқытылады. Сондай-ақ музыканың және ертегілердің көмегімен терапия сабақтары, түрлі шығармашылық ойындар мен шахмат үйірмесі қарастырылған.
 
Президент республиканың әр өңірінен келіп, ем алып жатқан балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Мемлекет басшысы жеткіншектердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылының аясында білім, денсаулық сақтау, спорт және басқа да салаларда жеткіншектерге көңіл бөлінгенін айтып, бұдан әрі де қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
 
Президентке балалар бөлімшелерінде 351 бала ем алып жатқаны туралы баяндалды. Биыл бұл жерде 18 мыңға жуық бала емделген. Кейінгі 3 жылда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына 30-дан астам жаңа медицина технологиясы енгізіліп, мамандары шетелде біліктілігін жетілдірген.
 
Кездесу соңында Президент балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, барлығына сыйлық үлестірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны