Қыркүйек айында Қазақстанда 10 млн адамның вакцинациясын аяқтауды жоспарлануда
Биылғы сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 млн адамды вакцинациялау қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау бойынша нақты жоспар әзірледі. Қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау жүйесі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ауруханаларда дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры бар, ал "СҚ "Фармация" қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қор жасалды. Сонымен қатар, барлық өңірлерде дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен шприцтері бар 3 айлық тұрақтандыру қорлары құрылды.
Премьер-Министр Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге "қызыл аймақтағы" өңірлерде вакцина алатындардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды және қабылданған жоспарға сәйкес вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакцинациялаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу тапсырылды.
Денсаулық сақтау, цифрландыру, ішкі істер министрліктеріне, "Атамекен" ҰКП, өңірлердің әкімдіктеріне осы жылдың сәуір айының соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін "адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын" енгізу мен мобильді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірлерге "Ashyq" жобасын кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,16 құрайды. Инфекциялық төсек-орындар жүктемесі – 36%, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі – 22%. Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша "қызыл аймақта" – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары, "сары аймақта" – Шымкент қаласы және Қарағанды облысы. Барлық қалған өңірлер – "жасыл аймақта".
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәуір айында 2 млн вакцина дозасын жеткізу күтіліп отырғанын, бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік беретінін хабарлады. Сәуір айында Нұр-Сұлтанға вакциналарды жеткізу көлемі 284 мың, Алматыға - 464 мың, Шымкентке - 172 мың, Алматы облысына - 232 мың дозаға дейін ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда бірінші компонентпен — 194 706, екінші компонентпен — 72 110 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3 құрады.
Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта вакциналардың 6 млн-нан астам дозасын қабылдау жоспарланып отыр, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді.
Министр жаңа мутацияларды анықтау мақсатында тұрақты негізде республика аумағында айналымда жүрген КВИ штаммдарына генетикалық зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мәселен, наурыз айында республика аумағында "британдық" және "оңтүстікафрикалық" штаммдарының айналымы анықталды.
Соңғы зерттеулер көрсеткендей, британдық коронавирус нұсқасы бастапқы штаммға қарағанда ауруханаға жатқызу мен өлімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Бразилиялық штамм бұдан қауіпті болып саналмайды, бірақ ол бастапқы COVID-19 штаммына қарағанда оңай таралады. Сондай-ақ, британдық коронавирус штаммы өткен жылғы штамммен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстікафрикалық штамм 1,5 есе және бразилиялық штамм 2 есе тез таралатыны анықталды. Сонымен қатар, репродуктивтлік санның өсуі 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін, бұл біртіндеп осы штаммдардың үстемдігіне әкеледі. Үкімет 2020 жылдан бастап қабылдаған шектеу шаралары 6 ай ішінде жаңа вирустардың тасымалдануына жол бермеуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн", - деді Цой.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.