24.07.2024, 20:36 86911

Қызылордада 150 отбасы қоныстойын тойлады

Қызылордада 150 отбасы қоныстойын тойлады
Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс орталығында пәтер кілттерін табыстау шарасына қатысты. Сырдарияның сол жағалауында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезектегі 150 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен. Вице-премьер пәтер кілтін алғандарды құттықтап, азаматтарға жайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді. "Халықтың әл-ауқатын арттыру, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау - мемлекетіміздің ең басты стратегиялық міндеті. Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу секілді әр түрлі жолдары қалыптасты. Жыл басынан бері еліміз бойынша 7,5 млн-ға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 18 млн-ға жеткізу көзделген. Бұл - мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Тамара Дүйсенова. Аймақ басшы Нұрлыбек Нәлібаев әкімдік бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыратын болады деп сендірді. Пәтер алғандар арасында Гүлсезім Убайділдә да бар. Жолдасымен "жетімдер" санатында кезекте тұрған. Енді екі баланың анасы екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр. "Өз баспанаң болғанға не жетсін! Бүгінге дейін туыстардың үйінде де тұрдық, пәтер де жалдадық. Енді міне, өзіміздің баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын", - деді ол. Баспаналардың құрылысына республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны