05.01.2023, 09:28 22961

Жаңатаста электрмен жабдықтау қалпына келтірілді

Ол қатты дауылдың салдарынан электр желілеріндегі апатқа байланысты үзілді
Жаңатаста электрмен жабдықтау қалпына келтірілді
Сурет: gov.kz
Астана. 5 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қатты боран салдарынан электр беру бағаналары құлап, үзілген Жаңатас қаласында электр қуатын беру қалпына келтірілді, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде Жаңатас қаласына электр энергиясы беріліп үлгерді. Ендігі кезекте орталық қазандықтың жұмысын жандандыру бойынша шаралар қолға алынуда", - деп хабарлады облыс әкімдігі.


Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Сарысу ауданындағы жұмыс сапары төтенше жағдай салдарын жою бойынша жедел штаб отырысымен түйінделді. Басқосуда аймақ басшысы ауданның елді мекендерін электр энергиясымен қамту, Жаңатас қаласына жылу беру бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Барлық саладағы қызметтің үйлесімді әрекетінің маңыздылығын баса айтқан облыс әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Әкімдіктің мәліметінше, орталық қазандықтың қызметін реттеу бойынша шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда "ЖаңатаСуЖылу" МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасуда. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында 3 қаңтарда желдің екпіні секундына 50 метрге дейін жететін қатты боран болған. Қатты дауылдан 7 зардап шеккен (5 -і Талас ауданы, 2-і Тараз қаласында). Қатты жел ғимараттардың шатырлары мен баннерлерін жұлып әкетті. Жаңатас қаласында жел 20 электр бағанасын құлатты. Бұл электр желілерінде тиісті кернеудің таралуына кедергі келтірді. Осыған байланысты жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданды. Қала тұрғындары жылу мен электр қуатынсыз қалды. Сарысу ауданы әкімінің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны