30.12.2024, 15:10 21396

Жетісу облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 700-ден астам объект бейімделген

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Жетісу облысында 771 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі толық бейімделді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, "Аманат" партиясының 2023-2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Халықпен бірге" жобасы іске асырылуда.

Amanat" партиясының жол картасында 2023 - 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі - Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады.


Осылайша, 2023 жылы - Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы - 40%, 2025 жылы - 60%, 2026 жылы - 80%, 2027 жылы - 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 166 объект толығымен бейімделген.

2024 жылдың соңына дейін Жетісу облысында 448 нысанды бейімдеу жоспарланған еді, өңірде жоспар артығымен орындалып, 771 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, өңірдегі 771 объектінің ішінен төмендегі объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

- денсаулық сақтау объектілері - 119;

- білім беру мекемелері - 416;

- мәдениет нысандары - 85;

- сауда және қызмет көрсету орындары - 8;

- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар - 90;

- спорт нысандары - 20;

- көлік инфрақұрылымы объектілері - 2;

- әлеуметтік қорғау объектілері - 11;

- басқалары - 20.

 "Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтар үшін қол жетімділік жағдайы жақсарып келеді. Мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған арбамен жүремін, күн сайын таңу және катетерді ауыстыру үшін бірінші қалалық емханаға барамын. Бұл емханада бұрын лифт болған, бірақ ол өте ыңғайсыз, тар, кішкентай болатын. Енді кеңірек лифт орнатылды, кез-келген көлемдегі арбамен еркін кіріп-шығуға болады. Зағип жандарға арналған жаңа тактильді тректер жасалды, есту қабілеті нашар адамдарға арналған билбордтар орнатылды. Сондай-ақ, емханада белгілі бір жарақат салдарынан өздігінен жүре алмайтындарға арналған төрт арба бар.

Қаламызда да оң өзгерістер орын алуда, оның ішінде Каспий банкі филиалының ғимараты бейімделді, атап айтсақ мүгедектігі бар адамдардың өтініші бойынша жаңа көтергіш орнатылды. Барша мемлекеттік, медициналық мекемелерде, оқу орындарында, балабақшаларда, спорт ғимараттарында барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік қарастырылған", - деп бөлісті бірінші топ мүгедектігі бар Нұрбек Тұрғанов.

Бұдан басқа, осы жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 137 тексеру жүргізді, оның ішінде: профилактикалық бақылау шеңберінде 29, жоспардан тыс тексерулер 39, прокуратура органдарының талабы бойынша 69 тексеру болды.

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 60 ұйғарым беріліп, 10,4 млн теңгеден астам сомаға 76 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны