02.07.2021, 21:21 15850

Токио Олимпиадасына Қазақстаннан 95 спортшы қатысады

Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады.
НҰР-СҰЛТАН. 2 ШІЛДЕ - Қазақстан Олимпиада құрамасының құрамына 95 спортшы кірді. Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.
 
Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова отандық олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиада ойындарында ол жүлдемен оралған болатын.
 
Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатсатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.
 
Дәстүр бойынша Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшыларға тиесілі.
 
Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады.
 
Жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.
 
Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортышының қатарына енді. Афиныдағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі, осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған дисциплина бойынша Олимпиада ойындарына қатыспаған.
 
Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында командалық жарысқа қатысады.
 
Бүгінде он бір жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов бар. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ, таеквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.
 
Қазіргі таңда ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Олимпиада ойынарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 5 шілдеден кейін белгілі болады. 
 
Қазақстандық атақты спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды. 
 
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері "Air Astana" әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асырылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны