03.04.2023, 09:08 30141

"Самұрық-Энерго" Семейдегі жаңа ЖЭО-ның ТЭН-ін әзірлеуде

Семей қаласының оң жағалауындағы қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйесінің әлеуеті іс жүзінде таусылды
"Самұрық-Энерго" Семейдегі жаңа ЖЭО-ның ТЭН-ін әзірлеуде
Сурет: Depositphotos
Семей. 3 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - "Самұрық-Энерго" АҚ Семей қаласында 3-ЖЭО салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге кірісті. Қазақстандық электр энергетикалық холдингі жаңа ЖЭО-ны жобалау бойынша жұмыстарды Абай облысының проблемалық мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің тапсырмаларын орындау шеңберінде "Самұрық-Қазына" қорының тапсырмасы бойынша жүргізеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
 

Абай облысы әкімдігінің алдын ала деректеріне сәйкес, Семей қаласындағы ЖЭО техникалық сипаттамалары мынадай параметрлерге сәйкес болуы тиіс: электр қуаты - 320 МВт; жылу қуаты - 1200 Гкал/сағ. Алайда, жаңа станцияның қорытынды сипаттамалары ТЭН әзірлеу кезінде айқындалатын болады", - деп хабарлады компания.

 
Әкімдіктің ақпараты бойынша, Семей қаласының оң жағалауындағы қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйесінің әлеуеті іс жүзінде таусылды. Облыс орталығының жаңа мәртебесіне сай Семей қаласының даму мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жаңа жылу көзін салу қажет.
 
 "Самұрық-Энерго" АҚ мамандарының айтуынша, ЖЭО-3-ны салу тиімді пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына, ҚР табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына жауап беретін ең үздік қолжетімді технологиялар базасында жүзеге асырылатын болады.
 
Қуаттарды өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің жоспарланған мерзімі ТЭН әзірленгеннен кейін айқындалады.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жылу желілері мен сумен жабдықтау желілері айтарлықтай тозған. Ағымдағы жылыту маусымы Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қиын өтті. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында ағымдағы жылыту маусымында болған бірқатар апаттар суық мезгілде қала тұрғындарын жылусыз қалдырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен энергетика объектілерінің иелерін жылыту маусымына дайындық бойынша талапқа сай жұмыс жүргізбегені үшін сынға алды. Ол электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерді жедел қабылдауды тапсырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны