23.06.2021, 20:27 13280

Қазақстанда жеке сот-сараптама ұйымы пайда болады

НҰР-СҰЛТАН. 23 МАУСЫМ - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
 
Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының мониторингі, сондай-ақ депутаттардың сарапшылармен, адвокаттармен, заңгерлермен, судьялармен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулері кезінде түскен ұсыныстары негізінде әзірленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Заң жобасы тәжірибедегі проблемалық мәселелерді шешуге, олқылықтарды жоюға, сот-сараптама қызметі саласындағы құқықтық реттеу тәртібін белгілеуге бағытталған. Біріншіден, сот-сараптама қызметінде жаңа субъект – "мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымының" пайда болуы. Бұл жеке сот сарапшыларының жұмысын одан әрі дамытуға және институционалды нығайтуға негіз болады. Осы жаңашылдық жеке сот сарапшыларының сот-сараптама қызметі үшін материалдық-техникалық, зертханалық және ғылыми база құру бойынша бар ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады", - деді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева.

 
Екіншіден, құжатта сот сарапшыларын аттестаттау рәсімін сертификаттау рәсіміне ауыстыру ескерілген. Сертификаттау сот сарапшыларының кәсіби, оның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін неғұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу сапасының жоғары деңгейін қамтамсыз етеді.
 

Үшіншіден, сот-сараптама қызметін стандарттау рәсімін енгізу сот сарапшысына зерттеу барысында валидациядан өткен ғылыми негізделген әдістемелермен қатар, ұлттық стандарттарды да қолдануға мүмкіндік береді. Стандарттарды қолдану өз кезегінде сот сараптамаларын жүргізуді жүзеге асыру кезінде бірыңғай ғылыми-әдістемелік тәсілді қалыптастыру және жүргізілетін сараптамалық зерттеулер қорытындыларының объективтігін, нәтижелілігін және жарамдылығын арттыру үшін негіз болады", - деді депутат.

 
С. Имашеваның айтуынша, заң жобасын әзірлеушілер Әділет министрлігінің және Сот сарапшылары палатасының кейбір құзыреттерін нақтылады. Бұның нәтижесінде сот-сараптама қызметтері нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сонымен бірге, сот-сараптама қызметтерінің реттелмеген нарығын құру және бұл қызметті бақылаусыз коммерцияландыру қаупін болдырмайды.
 

Заң жобасы сондай-ақ процестік негіздерді жетілдіруге және сот сараптамасын тағайындау, ұйымдастыру және жүргізу мәселелеріндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған бірқатар нормаларды қамтиды. Құжаттың өзектілігі күмән тудырмайды, өйткені ол бірінші кезекте дәлелдемелік базаны қамтамасыз ету мәселелерін қозғайды. Осыған байланысты заң жобасында ұсынылған ережелер сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасайды деп санаймыз", - деді ол.


Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны