15.09.2022, 17:15 39851

Нұр-Сұлтандағы Съезге қатысушылар әлемнің түкпір-түкпіріндегі қақтығыстар мен қантөгісті тоқтатуға шақырды

Нұр-Сұлтандағы Съезге қатысушылар әлемнің түкпір-түкпіріндегі қақтығыстар мен қантөгісті тоқтатуға шақырды
Сурет: telegram/БОРТ №1
НҰР-СҰЛТАН. 15 ҚЫРКҮЙЕК - VII съезге қатысушылар әлемдік көшбасшыларды жер бетінің әр түкпіріндегі қақтығыстар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырды.
 
Бүгін Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің жұмысы аяқталды. VII Съезд жұмысының қорытындысы бойынша негізгі құжат – қорытынды Декларацияның қабылдануы күн тәртібінің маңызды оқиғасына айналды.
 
Құжатта атап өтілгендей, съездің және декларацияның мақсаттары адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпақтарын өзара құрмет пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге бағыттау болып табылады.
 
Құжаттың негізгі бағыттарының бірі – барлық халықтар үшін әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастық құру жолында дінаралық және конфессияаралық диалогты жүзеге асыру бойынша практикалық бастамаларды қолдау қажет.
 
Тұтастай алғанда, Декларацияның мазмұны қазіргі заманның өзекті мәселелерінің пайымын, оларды шешудің ықтимал жолдарын, сондай-ақ әлемдік діндер көшбасшыларының ұсыныстарын және олардың халықаралық қоғамдастыққа үндеуін қамтиды.
 
Осылайша, VII съезд делегаттары әлемнің түкпір-түкпірінен келген дін көшбасшылары мен көрнекті саяси қайраткерлерді достық, ынтымақтастық және бейбітшілікте өмір сүру үшін диалогты үздіксіз дамытуға шақырды.
 

Біз кез-келген әскери қақтығыстың басталуы, шиеленіс пен қарама-қайшылық ошақтарын құру халықаралық қатынастарды нашарлататын "домино эффектісіне" ие екеніне сенімдіміз. Біз барша көшбасшыларды әлемнің тұрақсыздануына әкелетін бүкіл агрессивті және деструктивті риторикадан бас тартуға және әлемнің барлық аймағындағы қақтығыстар мен қантөгісті тоқтатуға шақырамыз", - делінген құжат мәтінінде.

 
Съезге қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары мен көрнекті саяси қайраткерлерді ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін жанжалдарды реттеу процесіне белсенді тартуды жақтады.
 
Сонымен қатар, Декларация авторлары экстремизм, радикализм, терроризм және зорлық-зомбылық пен соғыстардың барлық басқа түрлері, қандай мотивтер мен мақсаттар жасырылса да, шынайы дінге ешқандай қатысы жоқ екенін және оларды түбегейлі қабылдамау керектігін атап өтті.
 
Олар саяси және қоғам қайраткерлеріне, журналистер мен блогерлерге сөз бостандығын мойындай отырып, діни жалпылаулардан сақ болуға және экстремизм мен терроризмді қандай да бір ұлтпен немесе дінмен теңестірмеуге, дінді саяси мақсатта пайдаланбауға кеңес берді.
 
Сондай-ақ Съезд делегаттары ұлттық үкіметтерден және уәкілетті халықаралық ұйымдардан экстремистер мен террористер тарапынан құқықтар мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған, сондай-ақ соғыстар мен әскери жанжалдардың салдарынан болған барлық діни топтар мен этникалық қауымдастықтарға жан-жақты көмек көрсетуді сұрады.
 
Дін лидерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық, үкіметтік және аймақтық институттар мен ұйымдардың өркениеттер мен діндер, мемлекеттер мен ұлттар арасындағы диалогқа ықпал ету жөніндегі күш-жігерімен ынтымақтасатынын атап өтті.
 
Бұдан басқа, Декларация мәтінінде теңдік, әлеуметтік әділеттілік және толеранттылық қағидаттарын ілгерілету мәселелеріне жеке-жеке назар аударылды.
 

Біз адамзат терісінің түсі, жынысы, нәсілі, тілі мен мәдениетіндегі плюрализм мен айырмашылықтар жаратылыстағы Құдайдың ерік-жігерінің даналығының көрінісі екенін атап өтеміз. Құдай діни әртүрлілікке жол береді, сондықтан қандай да бір дінге және діни доктринаға кез келген мәжбүрлеуге жол берілмейді", - делінген құжатта.

 
Съезд делегаттары әлемдік саяси және бизнес-көшбасшыларды қазіргі қоғамдардың дамуындағы сәйкессіздіктерді еңсеруге және халықтың түрлі топтары мен әлемнің түрлі елдерінің әл-ауқатындағы алшақтықты қысқартуға назар аударуға шақырды. Осыған байланысты Декларация авторлары адамдарды экстремалды көзқарастар мен әрекеттерге итермелейтін әлеуметтік проблемалар жиі кездесетінін атап өтіп, әлемнің барлық мемлекеттерін өз азаматтарының бақуатты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге шақырды.
 
Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзат алдында тұрған жаһандық сын-тегеуріндерге жауап іздеу проблемалары да құжат мәтінінде көрініс тапты.
 
Осылайша, съезд делегаттары пандемияның теріс салдарын бірлесіп, ұйымдаса жұмыс істеп және бір-біріне көмектесу арқылы ғана жеңуге болатындығын атап өтті. Олар халықаралық ұйымдар мен ұлттық үкіметтерді коронавирустық пандемиядан арылуға бағытталған шараларға қолдау көрсетуге үндеді.
 
Делегаттар әлемнің пандемиядан кейінгі дамуы және процестер мен қауіпсіздікке төнетін қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы диалогты нығайту, сондай-ақ рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілету бойынша бірлескен күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
 
Қорытынды құжат авторлары жоғарыда аталған тезистермен қатар, отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына, әйелдердің қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғаудың өзектілігіне, олардың отбасының тең құқылы мүшесі ретіндегі әлеуметтік мәртебесін көтеруге және отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударды. Қоғамда әйелдерді мәдени және діни салалардағы бейбітшілік процестеріне қатысуға ынталандыру аса қажет.
 
Қорытындылай келе, Съезд делегаттары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметін жалғастыруға ұжымдық мүдделі екендіктерін білдірді және келесі VIII Съезді 2025 жылы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында өткізу ниетін қолдады.
 
Сондай-ақ, съезге қатысушылар Қазақстан Республикасының өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық үнқатысудың беделді және жаһандық орталығы ретіндегі рөлін растады.
 

Біз Қазақстан Республикасына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін шақырғаны, олардың гуманитарлық бастамалары, сондай-ақ жаңару мен прогреске, бейбітшілік пен үйлесімділікке қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз. Біз Қазақстан Республикасына Съезді тамаша ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ Қазақстан халқына оның мейірімділігі мен қонақжайлылығы үшін ризашылығымызды білдіреміз", - делінген декларация мәтінінде.

 
Өз кезегінде, Қазақстан диалогқа шетелдік саясаткерлерді, сарапшылар мен журналистерді тарта отырып, Съез бен Декларацияның идеяларын халықаралық ақпараттық және зияткерлік күн тәртібінде белсенді әрі дәйекті ілгерілетуге ниетті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленеді, онда Съезді әмбебап жаһандық дінаралық диалог алаңы ретінде дамытудың маңызды кезеңдері көрініс табады.
 
Қазіргі Декларацияда қамтылған қағидалар барлық мүдделі елдердегі саяси шешімдерді, заңнамалық нормаларды, білім беру бағдарламалары мен бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу үшін барлық өңірлік және халықаралық деңгейлерде таратылуы мүмкін екендігі атап өтілді.
 
Декларацияны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі делегаттарының көпшілігі қабылдағаны және бүкіл әлемдегі билік органдарына, саяси көшбасшыларға, дін қайраткерлеріне, тиісті өңірлік және халықаралық ұйымдарға, азаматтық қоғам институттарына, сондай-ақ діни бірлестіктер мен жетекші сарапшыларға жіберілетіні мәлім болды. Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.
 
Ақпарат көзі: ulysmedia.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны