ҚР Премьер-Министрі жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың жазасын күшейтуді тапсырды
Сонымен қатар Әлихан Смайылов жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудыратынына назар аударды.
АСТАНА. 4 ҚАЗАН - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушылардың жазасын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұр: дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары", - деді Смайылов.
Ол жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі екенін атап өтті.
8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы елімізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін атап өтті.
Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. Әрине, мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек", - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудыратынына назар аударды.
Автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс", - деді ол.
Әлихан Смайылов жалпы білім беретін мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтынын айтып өтті. Автокөліктерді техникалық тексеру сапасына қатысты да сұрақтар көп.
Премьер-Министрдің сөзінше, көлік апаттарының негізгі себептері – жолдардың нашар жағдайы.
Қазақстандықтар тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Мәселен, 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді", - деді Әлихан Смайылов.
Жалпы, Премьер-Министрдің ойынша, жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар.
Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау", - деді Әлихан Смайылов.
Осыған орай Үкімет басшысы жол апаттарының көбеюіне қатысты жан-жақты талдау жүргізуді, жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейтуді, қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдауды, сондай-ақ жолдағы камераларды көбейтуді тапсырды.
Одан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне көлік құралдарын техникалық тексеру сапасын тиімді бақылау тетігін жасау, жолдардың жай-күйін бақылауды күшейту, ал Әділет және Ішкі істер министрліктеріне сапасыз жүргізушілерді даярлайтын автомектептердің жауапкершілігі мәселесін қарау тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.