07.02.2023, 12:58 18171

Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? - Смайылов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасын сынға алды

Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? - Смайылов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасын сынға алды
Сурет: primeminister.kz
Астана. 7 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша салынған үйлер мәселесіне жеке тоқталды. Отырысқа қатысушыларға қажетті сапа стандарттарына сәйкес келмейтін кейбір аулалардың фотосуреттері көрсетілді.

Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, барлық жерде - осындай көрініс! Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай? Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшіліктерді жоюы керек. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет", - деді Әлихан Смайылов.


primeminister.kz

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселелер көп. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады.

Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көптеп түсуде. Себебі, Отбасы банкінде жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды", - деді Әлихан Смайылов.


Айтылғандарды есепке ала отырып, Премьер-Министр кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттарын уақытылы қаржыландыруды тапсырды.

Әлихан Смайылов өңірлерде құрылыс маусымын уақытылы бастау үшін тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлу, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті инфрақұрылымды жүргізу маңызды екенін атап өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың аса маңызды әлеуметтік және экономикалық маңызы бар. 2029 жылға дейін республикада 111 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет", - деді ол.


Оның айтуынша, биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Төмендеудің негізгі проблемасы - қажетті инфрақұрылымның болмауы.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны