08.01.2025, 16:10 22066

2025 жылы Қазақстандағы шетелдік жұмыскерлерге тартуға квота жұмыс күшінің 0,2 %-ын құрайды

2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3% мөлшерінде белгіленген
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі - ШЖК) тартуға квота мөлшерін бекітіп, бөледі. 2025 жылы бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,2% мөлшерінде белгіленді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

2025 жылы ШЖК-ны жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді: бірінші санат бойынша 649 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат - 3 254 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады - тиісінше 5 718 және 1 161 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 4 097 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкін.

Бұдан басқа, 2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3% мөлшерінде белгіленген.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге ШЖК тарту үшін 14,5 мың рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 66% - ын (22 мың) құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 233 шетел азаматы жұмыс істейді.

2024 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға 294,1 мың бірлік квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 292 668 рұқсат берді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны