21.04.2023, 13:46 52196

Алматы қаласын 2040 жылға дейін дамытудың Бас жоспарын қалалық мәслихат бекітті

Алматы қаласын 2040 жылға дейін дамытудың Бас жоспарын қалалық мәслихат бекітті
Жаңа Бас жоспарда тұрғын үй, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған 5 жаңа полиорталық құрылатын полиорталықтық даму моделіне көшу көзделеді

Алматы. 21 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Мәслихат депутаттары 2040 жылға арналған Алматының жаңа бас жоспарын бірауыздан мақұлдап, бекітті.

Шаһар басшысы Ерболат Досаевтың сөзінше, қаланың бас жоспары үлкен қоғамдық талқылаудан өтті, оның барысында мегаполис тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығынан 1300-ден астам ұсыныс түсті, олар негізінен жайлы қалалық ортаны қалыптастыру, экологияны жақсарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болды. Сонымен қоса мәслихат комиссияларының отырыстарында осы жобада ескерілген 20-ға жуық ұсыныс қаралды.

Өздеріңіз білетіндей, қаланың бас жоспары 20 жыл бұрын әзірленген және моноорталықтық даму моделіне негізделген, яғни жұмыс орындары мен әлеуметтік-мәдени қызметтер қаланың тарихи орталығына тығыз шоғырланған. Содан бері қала аумағы жағынан да, халық саны бойынша да 2 есе ұлғайды. Жаңа Бас жоспарда тұрғын үй, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған 5 жаңа полиорталық құрылатын полиорталықтық даму моделіне көшу көзделеді. Бұл осы полиорталықтардың тұрғындары үшін барлық қажетті игіліктердің жақын орналасуына мүмкіндік береді. Жаңа бас жоспар жайлы қалалық орта құру және қаламыздың барлық аудандарында өмір сүру сапасын жақсарту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін", - деді Ерболат Досаев.


Еске салайық, қаңтар айында Алматы қаласы әкімдігі және "Алматыбасжоспар" ҒЗИ" ЖШС-нің бастамасымен шаһардың 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарының қоғамдық талқылауы өтті.

Бас жоспарды әзірлеушілердің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 млн, 2040 жылға қарай - 3 млн, 2050 жылға қарай - 3,6 млн адамға жетеді.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны