05.05.2021, 20:02 14063

Ерғалиев: биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады

Заң жобасы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Саяси партиялар туралы" және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңдарға түзетулер енгізуді қарастырады.
НҰР-СҰЛТАН. 5 МАМЫР - ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бүгін Мәжілісте әкімдердің тікелей сайлауын енгізу бойынша заң жобаларын таныстырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округтер кенттері әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары әзірленгенін хабарлады.
 

Негізгі заң жобасы арқылы "Сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл реформа 2345 әкімшілік-аумақтық бірлікке қатысты. Бұл ретте 836 әкім ағымдағы жылғы екінші жартыжылдықта тікелей дауыс беру арқылы сайланады", - деді министр.

 
Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талабына сәйкес келетін 25 жастан кіші емес ҚР азаматы әкім болып сайлана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-інің қолын жинаған өзін-өзі ұсынушылар қатыса алады.
 
Ұсынылған кандидаттар болмаған не бір ғана адам ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы. 
 

Барлық кандидаттар үшін ең төменгі 1 жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу көзделген. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға 10 күн қалғанда өткізіледі. Сайлаудың қорытындысы сайлау өткізілгеннен кейінгі үш күн ішінде шығарылады. Сонымен бірге, заң жобасы арқылы Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендету қарастырылып отыр. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсы" деген баған қосылады", - деп нақтылады ҰЭМ басшысы.

 
Сондай-ақ, ол "Кейбір заңнамалық актілерге сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ұсынды.
 

Бұл заң жобасы Конституциялық заң жобасының қабылдануына байланысты заңнамаға ілеспе түзетулер бойынша. Ол "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Саяси партиялар туралы" және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңдарға түзетулер енгізуді қарастырады", - деп атап өтті министр.

 
Ілеспе заң жобасына сәйкес ауыл әкімінің өкілеттігі оны сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталып, партияға мүшелігі жоғалған, мәслихат сенімсіздік білдірген, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша және мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес өзге де негіздеме болған жағдайда тоқтатылады. 
 
Ротация мен аттестаттауды алып тастау, тәртіптік теріс қылығы үшін лауазымын төмендету қарастырылған. Ауыл әкімін тәртіптік жазаға тартуға қатысты қалған шаралар өзгеріссіз қалдырылды.
 
Сондай-ақ, "Саяси партиялар туралы" заңға ауыл әкімдігіне кандидаттар ұсыну жөніндегі саяси партиялардың жарғысын, құқықтары мен міндеттерін толықтыру бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.
 
Бұған дейін әкімдердің тікелей сайлауы 2024 жылы өтетіні хабарланған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны