06.05.2021, 22:32 12931

Тоқаев әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. 6 МАМЫР - Ақордада жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты.
 

Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында. Осы асыл құндылықтарды Қарулы Күштеріміз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастырдық. Әскеріміздің бес қаруын сайладық. Сарбаздарымыздың жауынгерлік рухын көтеріп, кәсіби машығын шыңдадық. Бүгінде армиямыз – елдігіміздің берік қалқаны, Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры", – деді Президент.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын мемлекет екенін атап өтті. Бірақ ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін кез-келген әрекетке тойтарыс бере аламыз. Соңғы уақытта жер жүзінде түрлі қақтығыстар көбейіп кетті.
 

Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

 
Президент өз сөзінде армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналатынын айтты. Жаһандық өзгерістер мен геостратегиялық тұрақсыздық жағдайында әлемде әскери қызметшілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Ал ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері "Жусан" арнайы операциясын мінсіз орындады. Полиция мен прокуратураның қызметі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.
 

Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділдікті нығайтуға септігін тигізеді. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту үшін мемлекет әскери дайындық пен Қарулы Күштерді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы біртіндеп жақсарып келеді. Әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.
 

Сіздердің отаншылдық рухтарыңыз, ең алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтты.
 
Салтанатты рәсім барысында Марат Құсайыновқа, Руслан Шпекбаевқа генерал-лейтенант әскери атағы; Айдар Аймұрзинге, Рүстем Ақбалинге, Нұрлан Алдияровқа, Алмаз Ахмадиевке, Серік Борамбаевқа, Мереке Күшікбаевқа, Қуанышбек Үштаевқа генерал-майор әскери атағы; Айбар Дуанбаевқа, Шыңғыс Қоңқашевқа, Руслан Сейсембаевқа ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы; Мұрат Баймұқашевқа, Оңал Бекиевке, Ақынқали Дәрменовке, Арыстанғани Заппаровқа, Нұрлан Мәсімовке, Марат Төлебаевқа полиция генерал-майоры арнаулы атағы; Жанат Ешмағамбетовке әділет генерал-майоры арнаулы атағы; Қайрат Әбдіхановқа, Жарқынбек Бақашбаевқа, Мақсат Қожабаевқа, Серік Шалабаевқа 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені; Нұрлан Шабдарға 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы берілді.
 
Сондай-ақ, рәсім барысында жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті.
 
Сонымен қатар іс-шара барысында І дәрежелі "Даңқ" орденімен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Талғат Мұхтаров; 
 
ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы Кендебай Адамбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, Ұлттық ұлан "Батыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев наградталды.
 
Бұдан бөлек І дәрежелі "Айбын" ордені Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының орынбасары Әділжан Алшыновқа, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Инженерлік әскерлер департаментінің бастығы Нұрлан Қонысовқа; 
 
ІІ дәрежелі "Айбын" ордені Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Өскемен қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Нұржан Кәкеевке, Бас прокуратураның департамент бастығы Серік Кәріпбековке, Қаржылық мониторинг агенттігі Тергеу департаментінің басшысы Саят Саукомбековке, Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марат Хасеновке; 
 
ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері "Батыр" президенттік полкінің маманы Евгений Пивеньге табысталды.
 
Ал Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысының полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Диляфруз Кинжеханова "Құрмет" орденімен марапатталды.
 
Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторы Дархан Әбдікәрімов, Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Владимир Беляков, Төтенше жағдайлар министрлігі Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Айдархан Кемаладинов, Ішкі істер министрлігі Алматы облысының полиция департаменті Талдықорған қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының инспекторы Дәурен Нәрікбаев, Ішкі істер министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің бақылаушысы Абылай Төлеев "Ерлігі үшін" медалімен наградталды.
 
 "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі Қорғаныс министрлігінің 18 404 әскери бөлімі десанттық-шабуылдаушы батальонының командирі Жасұлан Байбарақовқа, Қорғаныс министрлігі 15 632 әскери бөлімінің командирі Жанат Бектұрғановқа, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының департамент бастығы Елнұр Бисембаевқа, Қорғаныс министрлігі 14 776 әскери бөлімінің аға офицері Максим Добросельскийге, Қорғаныс министрлігінің 21 450 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны ротасының технигі – аға механигі-жүргізушісі Нұржан Жарияқұлға, Қорғаныс министрлігінің 21 814 әскери бөлімі зымыран-артиллериялық кемесінің (3-дәрежелі) командирі Бауырғали Имашевқа, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштері қолбасшысының басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының аға инспекторы-ұшқышы – бағыт аға офицері Ерлан Қозғұловқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Шынаркүл Сейдахметоваға берілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны