26.05.2021, 18:32 6758

Мәжіліс мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. 26 МАМЫР - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мәжілісмендерге құжатты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов таныстырды. 
 
Өз сөзінде ол аталған заң жобасы Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленгенін атап өтті.
 

Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Бұл нормаларды "Нұр Отан" партиясы қолдағанын және сайлауалды тұғырнамада көрініс тапқанын атап өту қажет", – деді министр.

 
Шәпкеновтің айтуынша, құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.
 

Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім бойынша жәрдемақымен қамтылады", – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.

 
Баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
 

Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады", - деп атап өтті ведомствода.

 
Сондай-ақ, Заң жобасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
 

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда, бір немесе екі ата-ана (асыраушы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)", – деп түсіндіріп өтті Серік Шәпкенов.

 
Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдармен (ОТҚ) және қызметтерімен қамтамасыз ету заң жобасының тағы бір жаңашылдығы болып табылады.
 
Қазіргі уақытта жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектігі бар азаматтар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған (әрекетсіздік) кезеңінде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде ОТҚ алу мүмкіндігінен айырылады. Осы кезеңде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады.
 
Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.
 
Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.
 

Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда", – деп атап өтті министр.

 
Бұдан басқа, Заң жобасы шеңберінде мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделіп отыр, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді.
 
Сондай-ақ, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған.
 

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқықтарын жақсартуға мүмкіндік береді", - деп бөлісті министрлікте.

 
Заң жобасы 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылатын болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны