04.06.2021, 19:53 15128

Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған мобильді қосымша әзірленді

"Е-Salyq-Business"-ты пилоттық түрде іске қосу осы жылдың шілде айына жоспарланған.

НҰР-СҰЛТАН. 4 МАУСЫМ - Кеше Қазақстан Үкіметінде кәсіпкерлерге арналған "e-Salyq-Business" жаңа мобильді қосымшасы таныстырылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңес "e-Salyq-Business мобильді қосымшасын енгізу" тақырыбына арналды.

Мобильді қосымша онлайн режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге, чек беруге, салық есептілігін қалыптастыруға/жіберуге, салық төлеуге, хабарлама/анықтама алуға, төлемдерді басқаруға және мемлекеттік кірістер органдарынан белгілі бір қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Әзірлеушілер салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуді, салық есептілігін толтыру мен ұсынуды, кірістер мен салықтардың есебін жүргізуді автоматтандырды.

"Е-Salyq-Business"-ты пилоттық түрде іске қосу осы жылдың шілде айына жоспарланған. Бірінші кезеңде қолданушылар саны шамамен 100 мың адамды құрайды деп күтілуде.

Ә. Смайылов адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын, оның ішінде салық міндеттемелерін орындау мейілінше жеңілдету қажет екенін атап өтті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары аталған бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны