19.08.2021, 19:50 8290

Қазақстан Ауғанстандағы биліктің бейбіт транзитіне шақырады

"Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек".
НҰР-СҰЛТАН. 19 ТАМЫЗ - Қазақстан СІМ Ауғанстандағы жағдай туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отыр. Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек", - делінген мәлімдемеде.

 
Қазақстан барлық тараптарды ішкі тұрақтандырудың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырады. 
 

Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзивті және өкілдік үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз. Осы ережелерді орындау Ауғанстанның жаңа билігімен диалогты бастау үшін қажетті шарт болуы тиіс", - делінген мәлімдемеде.

 
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда "Талибан" қозғалысының содырлары Кабулға соғыссыз кіріп, бірнеше сағат ішінде қаланы толық бақылауға алды. Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани елден кетті, оның БАӘ-де екендігі белгілі болды.
 
Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады. 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны