ҚР Президенті мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерге қол қойды
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске сала кетейік, 21 қазанда Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Сондай-ақ олар заң жобасын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалармен толықтырды. Атап айтқанда, депутаттар әрі қарай сақтау айтарлықтай қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрілерді анықтау қағидаларын қалыптастыру мәселесін көтерді.
Сенат енгізіп отырған түзетулер қару-жарақты сақтау және оны жою жолдарын реттеуге бағытталған. Бұл – соңғы уақытта еліміздегі қару-жарақ қоймаларында болған трагедиялық жағдайлар қайталанбауы үшін жасалған қадам", – деді Мәулен Әшімбаев.
Нақты айтқанда, сенаторлар бұған дейін заң жобасында белгіленген бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қажетті негіздердің санын қысқарту жөніндегі жаңашылдыққа, осындай сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға және тағы басқа басымдықтарға қолдау білдірді. Сонымен қоса, Сенат депутаттары бір компанияның бір құрылыс нысанында инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін жоюды, сондай-ақ, электрондық дүкенді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекелі тәсілдеріне қосуды қосымша ұсынды.
Сенаторлардың айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және салынып жатқан нысанның сапасын жақсарту үшін маңызды.
Негізгі өзгерістер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Оның ішінде конкурс өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға баса мән берілген. Заң жобасы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатып, артық реттеуді жоюға жол ашады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізіп, мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар заң жобасына отандық ғылымды дамытуға арналған жаңа нормалар енгізілді.
Сенат қабылданған түзетулер Мемлекет басшысының ғылым саласын одан әрі дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру арқылы еліміздің жетекші ғалымдарына еңбекақы төлеу, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдарды тікелей қолдау үшін қаржыландырудың жаңа түрін енгізу ұсынылып отыр. Бұған қоса, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту ұсынылады", – деді Сенат Төрағасы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.