07.12.2021, 19:39 43385

Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды

2023 жылы ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-дан жоғары көтеру арқылы ИКАО аудитін сәтті өту алдағы үш жылдағы саланың басты міндеті болып табылады.
Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды
НҰР-СҰЛТАН. 7 ЖЕЛТОҚСАН - Азаматтық авиация саласында 2021 жылдың қорытындысы шығарылды. Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылы авиация саласы коронавирустық пандемияның таралу салдарына бейімделуді жалғастырды, осыған қарамастан ағымдағы жыл жетістіктерге бай болды. Ең маңызды жетістіктердің бірі – ИКАО-ның Үйлестірілген валидация миссиясының (ICVM) бөлігі ретінде ИКАО аудиторларының саланың тәуелсіз аудитін сәтті өткені. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды, бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15%-ға жоғары. Қазіргі уақытта осы көрсеткіш бойынша біз Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Португалия – 87%; Чехия – 87%; Латвия – 86%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84%; Словения - 82%, Кипр - 82% сияқты көшбасшы елдермен бір қатардамыз", - деп хабарлады Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі.

 
Ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің, Еуропалық Одақ елдерінің авиациялық билік органдарының өкілдерінің қатысуымен Еуропалық комиссияның және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшыларының сапарлары жүзеге асырылды.
 
Еуропалық сарапшылар саланы реформалау бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынды. Бүгінгі күні қазақстандық әуе компаниялары үшін Еуро аймаққа ұшуға шектеулер жоқ.
 
АҚШ авиациялық сарапшылары министрліктің, авиациялық реттеушінің және әуежайлардың үйлесімді жұмысын жоғары бағалады, аудиторлар алдында ашықтықты атап өтті.
 
Сапар қорытындысы бойынша АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашу шеңберінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру және кеңейту туралы шешім қабылданды.
 
Пандемияға дейінгі деңгейдегі ішкі тасымалдар көлемі толығымен қалпына келтірілді және асып түсті, жаңа бағыттар ашылды. Ішкі туризмді дамыту аясында Түркістан, Алакөл, Балқаш, Щучье-Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік бағыттарға әлеуметтік маңызы бар рейстер орындалады.
 
23 елмен 65 бағыт бойынша жаңа халықаралық әуе рейстер жаңартылды және ашылды, бұл пандемияға дейінгі кезеңнің 66%-ын құрайды. Мальдив аралдарымен, Катармен, Шри-Ланкамен және Кувейтпен жаңа бағыттар ашылды.
 
Ағымдағы жылы Парламент Мәжілісі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Ол Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей тұрақты рейстерді орындау үшін құқықтық база жасайды.
 
Бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ 16 әуежайды сертификаттауды және 32 инспекциялық тексеруді жүргізді. Авиация персоналына куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. 9 авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтіп, 17 инспекциялық тексеру жүргізілді. "Аэросервис-Тараз" әуе компаниясы" ЖШС, "B&K AERO KZ" ЖШС 2 әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды. "JENIS AIR" ЖШС, "AZEE AIR" ЖШС және "Sunkar Air" ЖШС 3 әуе компаниясының сертификаттары қайтарып алынды.
 
Ағымдағы жылы Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемесін Аруба тізілімінен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің тізіліміне алғашқы қайта тіркеу жүргізілді.
 

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша одан әрі жұмыс Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігімен (EASA) және Ирландияның авиация билігімен (IAA) келісім-шарт жасау болады", - деп атап өтті Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде.

 
2021 жылы Қазақстан Азаматтық авиацияның еуропалық конференциясына бақылаушы мәртебесін алды және ECAC мүшелігіне қабылданған үшінші ТМД елі болды.
 
Әуе көлігінің жерүсті инфрақұрылымын жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінуде.
 

Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылуда. Жобада ұшу-қону жолағын 300 м ұзарту және заманауи ұшақ үлгілерін қабылдау үшін жарық-сигналдық жабдықты ауыстыру қарастырылған.

 
Жеке инвестициялар есебінен Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалдың құрылысы жалғасуда, ол терминал аумағын 3,8-ден 35 мың м2-ге дейін кеңейтуге және өткізу қабілетін сағатына150-ден 2000 жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
 
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарту арқылы Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялау жұмыстарын жүргізуде. Терминал аумағы екі еседен астам, өткізу қабілеті сағатына 100-ден 200 жолаушыға дейін артады.
 
Алакөл көлінің туристік орталығының көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы Үржар ауылының ұшу-қону жолағын және аэровокзал ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, рульдеу жолын және перронды қайта жөндеу жұмыстары басталды.
 
Осы жобаларды іске асыру әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жақсартуға, қауіпсіздік пен қызмет көрсету стандарттарын арттыруға ықпал етеді.
 
Салада цифрландыруды дамытуға ерекше мән беріледі.
 
Ағымдағы жылы eGov Mobile – ішкі рейстерде жеке куәліктің түпнұсқасын пайдаланбай, жеке деректерді растау үшін цифрлық құжаттар сервисі енгізілді.
 
Қазіргі уақытта жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Ақтау, Атырау, Шымкент, Тараз қалаларының әуежайларында іске қосылды. Жоба жыл соңына дейін ҚР барлық әуежайларында іске қосылады деп күтілуде.
 
Комитет жаңа халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіру және ашу, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымдық объектілерді жаңғырту және жаңа цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
 
2023 жылы ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-дан жоғары көтеру арқылы ИКАО аудитін сәтті өту алдағы үш жылдағы саланың басты міндеті болып табылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны