16.03.2022, 17:14 8756

Тоқаев Президенттің туыстары үшін мемлекеттік қызметшілер лауазымдарын атқаруға тыйым салуды ұсынды

Тоқаев Президенттің туыстары үшін мемлекеттік қызметшілер лауазымдарын атқаруға тыйым салуды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. 16 НАУРЫЗ - Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Біз "қасіретті қаңтардан" мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды", - деді Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап.

 
Ол барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс екенін атап өтті. 
 

Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын", - деді Тоқаев.

 
Ол атап өткендей, қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Оның пікірінше, бұл – дұрыс емес. 
 

Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн екенін атап өтті. 
 

Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын", - деді ол.

 
Оның айтуынша, бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. 
 

Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз", - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент өз Жолдауында біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек екенін атап өтті.
 

Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді", - деді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен қатар, ол әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек екенін атап өтті. Мұндай шешімдер, Президенттің айтуынша, көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
 
Сондай-ақ, Президент облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
 

Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі", - деді ол.

 
Ол Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы екенін еске салды. 
 

Бұл норма "қолдан басқарудың" орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек", - деді Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны